7-8 жасынан құсбегілікпен айналысқан ағайынды балалар құс баптаудың сырын айтты
Сейдолла және Төлемырза Кеуеновтер «Жаңа күн» бағдарламасында қонақ болып, құсбегіліктің қыр-сырын айтып берді.
— Сонау Қасқасудан келіп отырсыңдар. Үйде жеті бірдей қыран құс бар екен. Қайсысын алып келіп отырсыңдар студияға?
— Студияға Ақиық атты құсты алып келіп отырмыз. Бүркіттердің ішіндегі үлкені, сенімді, ерекше қасиетке ие. Ал екіншісі қаршығаның бір түрі, оның ішінде тұйғын деп аталады. Көп жерде кездеспейді. Бір түлек кезінде таудан ұстағанбыз.
— Арнайы ереже бойынша баптайсыңдар ма?
— Таңертең құсқа жем береміз. Сабақтан қайтқан соң үште жаттығуға апарамыз. Бірінші атпен қолға шақырамыз, шырғаға саламыз, түлкіге саламыз. Арнайы жаттығу жасатамыз. Ары-бері ұшырамыз. Құстың көңіл-күйіне қараймыз. Жарыстың алдында оларға сәл азырақ ет береміз. Су араластырып.
— Күтімі қалай болады, тұрып қалған етті беруге болмайды дейді…
— Таза етті жуып береміз. Жаздың күнінде түлекте отырғанда 1 келіге дейін ет жейді. Ал қазір қолда отырғанда 200 грамм жейді. Бабында отырады. Тұзды ет беруге болмайды. Өліп қалуы мүмкін.
— Құс отыратын арнайы қолғап болады ғой…
— Бұны биалай деп атайды. Оны қайыстан жасайды. Жемін де осымен береміз. Қолға да тырнақтары кіріп кетпейді. Басындағы арнайы қалпақ томаға деп аталады. Бүркіт елеңдеп ұша бермейді. Бірқалыпты тыныш отырады. Адамға да ыңғайлы. Жеңіл көтеріп жүруге болады. Жаттығу кезінде көзіндегі томағасын сыпырамыз. Аяқтарындағы бау деп аталады. Байлап қоямыз, қашпайды.
— Арнайы үстелтақты қайдан алдыңдар?
— Арнайы тапсырыспен жасаттық.
— Жасы қаншада?
— Әлі балапан, жасқа толған жоқ.
— Саятшылыққа шықтыңдар ма?
— 7-8 жасымыздан бері құсбегілікпен айналысамыз. Әкеммен бірге қыстың күндері саятшылыққа шығамыз.
— Қаршыға мен бүркіттің айырмашылығы бар ма?
— Тұйғын бүркіт сияқты 200 грамм жем жемейді. Тойғызып беріп тұру керек. Аз берсең өліп қалуы мүмкін.
— Ұясы жөнінде айтып өтсеңдер…
— Таулы жерлерде жартастарға, құзға салады.
— Түз тағысын ұстау үшін жемсауын толтырмай ұшырады дейді..
— Ия, рас. Өйткені жемін алдын ала беріп қойсаң ол өзіңе келмейді. Қашып ұшып кетуі мүмкін…
— Саятшылыққа қай кезде шығады?
— Қыста, суық кезде, құс бабында тұрған кезде шығамыз. Бір тойғаннан кейін құс қайта-қайта жей бермейді. Саятшылыққа екі бүркітті алып шығамыз. Түлкі, қарсақ аламыз. Кезіккен аңға саламыз. Бұйырғанын аламыз. Былтыр Қасқасудың тау бөктерінде қасқырға кезіктік. Бірақ бүркіт күші жетпей ала алмады. Бабына қарай алады ғой. Қасқыр да күшті болған. Алдыңғы аяғымен бүркіттің тырнағын қайырып қашып кетті. Бір бүркіт бір күнде екі үш аңды алуға қауқарлы.
— Әкелерің құсбегі Жомарт Кеуеновты бүкіл ауылға ғана емес елімізге де танымал… Аңды алуға адуынды етіп баптаудың сыры неде?
— Әр құстың өз мінезі бар. Оны егесі біледі. Балапан кезінен бастап баптаймыз. Бүркіт елу-алпыс жыл жасайды. Екі-үш сағат жаттықтырамыз. Қалай үйреткеніңе байланысты алады. Бабында тұрса айтқаныңды істейді. Ал бабында болмаса бағынбай кетеді.
— Құстың бабын қалай табуға болады?
— Өзінің қалағанын жасаймыз. Жем береміз, су береміз, жуындырамыз, күтіп баптаймыз. Ауырып қалған кезде жеміне қосып, дәрі береміз. Дәрумендері бар.
— Аулаған құсын не істейсіңдер?
— Өзіне беріп тойғызып жегізіп аламыз. Егер өзіне бермесең ыза болады да келесіде құсқа түспей қояды. Ұстаған жерінде тойғызып жегізу керек.
— Ұлттық спорт түрін дамытылып жатыр. Жарыстардан бәйге алып жүрсіңдер ме?
— Былтыр Жамбыл облысы Мерке ауданында өткен жарысқа қатыстық. Ағам екеуміз барғанбыз. Ағам бүркітпен 2-орын, мен қаршығамен үшінші орын алдым.