"7-8 сағат бұрын дүниеге келген деп санаймыз". Оралда қоқыс жәшігінен табылған шақалақтың қазіргі жағдайын дәрігерлер айтып берді
Оралда қоқыс жәшігінен табылған шақалақтың анасы анықталды. Ал денсаулық сақтау басқармасында сәбидің жағдайы орташа ауыр екенін айтуда деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
БҚО полиция департаменті мәліметіне сүйенсек, шақалақтың анасы кім екені анықталған. Қазіргі уақытта әйелге ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданыпты. Сондай-ақ полицияда бұл жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 119-бабының 1-бөлігі (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да хабарлады. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды, не 45 тәулікке дейін қамауға алынады.
Сондай-ақ сәбидің жағдайына байланысты денсаулық сақтау басқармасы да пікір білдірді. Баспасөз қызметі нәрестенің жағдайы орташа ауыр екенін айтты.
“Нәрестенің жағдайы интоксикация, гипотермия және гипогликемия белгілеріне байланысты орташа ауыр. 15 мл сүтті өздігінен ішеді. Салмағы – 2990 грамм, бойы – 52 см. Ішкі ағзалардың ультрадыбыстық зерттеуі бойынша бауыр паренхимасында орташа өзгерістер анықталған. Сәби кеше ауруханаға түскенге дейін 7-8 сағат бұрын дүниеге келген деп санаймыз”, – делінген ақпаратта.
Еске салайық, бұған дейін Оралда қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақ табылғанын жазған едік.