Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

69 доллар үшін қаза болған 42 адамның оқиғасы

37 жасар стюардесса Дебора Нейл ұшқыштар кабинасына: «Бізде қиындық туындады!», - деп жүгіріп келді. Әуе кемесінің командирі Грегг Линдамуд: «Не боп қалды?», - деп сұрады.

Стюардессаның артынан: «Мен-қиындықпын», - деген дауыс шықты. Бірнеше секундтардан кейін Деборамен екі пилот қаза болды.

Апат

Әуе апаттарының негізгі себептері техникалық ақаулар, ауыр табиғи жағдайлар және ұшқыштардың қателіктері. Тіпті террористердің саяси мақсаттарының құрбаны да болып жатады. Бірақ 1987 жылдың 7 желтоқсанында Калифорния қаласында орын алған жантүршігерлік оқиғаның саясатқа еш қатысы болмады. Кек алуға құлшынған адамның кесірінен ондаған адам мерт болды.

Лос-Анджелес- Сан-Франциско бағыты бойынша Pacific Southwest Airlines (PSA) әуекомпаниясының BAe 146-200A авиалайнері, PSA 1771 рейсі әуежайдан ұшып, 16 минуттан кейін опат болды. Ұшақ үлкен жылдамдықта-1240 км сағ., жерге соғылды. Жойқын соқтығыстан кейін ұшақтағы 38 жолаушы мен экипаждың бес мүшесінің аман қалуы екіталай еді. Қаза тапқандардың сүйектерінің зақымданғаны соншалықты тіпті олардың кімге тиесілі екендігін анықтау қиынға соққан.    

Қарыштап құлаудың себебі не болды?

Ұшқыштар қандай да бір ақаулар жайлы баяндаған жоқ, ұшудың алғашқы минуттары да қалыпты болды. Сарапшылардың зерттеулерінше ұшақ соқтығысқа дейін бүтін болған, сондықтан әуеде жарылыс болуы мүмкін деген болжамдар жоққа шығарылды.

«Мен отбасым үшін рақымшылық сұрап едім, есіңде ме?» 

 Апат болған жерде екі күндік іздеулерден кейін сарапшылардың бірі жазуы бар гигиеналық қапқа назар аударды. Жақындатып қарағаннан кейін оның жазба екені анықталды: «Сәлем, Рэй. Бәрінің осылай аяқталуы тағдырдың тәлкегі. Мен отбасым үшін рақымшылық сұрап едім, есіңде ме? Мен оны алмадым. Сен де алмайсың!
Кейіннен апат болған жерден Smith & Wesson Model 29 тапаншасы табылды. Оның  ішінде 44 Magnum гильза оқтарының  алты орны бос тұрды. Бұл жоғарғы қуатты оқтармен аңшылар африкалық өгіздерге аңшылық еткен.  

Атқан адам бірден анықталды, себебі тапаншаның ішінде оның саусағы тұрып қалған. Қылмыскер USAir әуекомпаниясының бұрынғы қызметкері 35 жасар Дэвид А. Берк болып шықты. Рэйге жазылған жазба қылмыскерге тиесілі екені анықталды.  

Ауыр күмән және жеңіл ұрлық

Дэвид Берк 1952 жылы Ұлыбританияда Ямайкалық келімсектердің отбасында дүниеге келген. Кейінірек отбасымен бірге Америка Құрама Штаттарына қоныс аударды.  
Берк USAir компаниясында билет сататын агент болып жұмыс істеген. Рочестердегі кеңседе жұмыс атқарып жүргенінде оның есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдік туындады.

Беркке айып тағылған жоқ, өйткені оның бұл іске қатысы бар екендігін көрсететін нақты дәлелдер болмады. Бұл оқиғаның бетін жабу үшін қызметкерді Лос-Анджелеске ауыстырды. 

Алайда жаңа жұмыс орнында да Берк түсініксіз оқиғаға қатысты болып шықты. Ол 69 доллар ұрлады деген күдік туындады. Оның есірткіге қатысы бар деген оқиғасы болмағанда, бәлкім, жеңіл ұрлыққа басшылық көз жұмар ма еді.

Берктің Лос-Анджелестегі бастығы болған Рэймонд Ф. Томсон оның өтініштері мен жалынуына қарамастан оны жұмыстан шығарып жіберді. 

Дэвид Берк ешқашан үйленбеген, бірақ оның әртүрлі әйелден жеті баласы болған. Оның құрбылары Берктің қызуқанды және зорлыққа бейім екендігі жайлы айтқан. 
Беркті жұмыстан шығарған басшылық оның ұшу алаңына және қызмет рейстерімен ұшуына рұқсат етілген жетонын алуды ұмытып кеткен. Ашуға булыққан қызметкер бұл мүмкіндікті қолдануға бел буады.

Алты атыс

Таныстары арқылы тапқан тапаншасын 7 желтоқсан күні 1771 рейстің бортына сәтті алып кірді.

 Ұшақта PSA және  USAir әуекомпаниясының  қызметкерлерінің көп болуы Берктің жанына майдай жақты.

14 минуттан кейін Берк іске кірісті. Рэй Томпсон өзіне арналған жазбаны оқып үлгергені белгісіз, бірақ Берктің алғашқы  құрбаны Рэй екі атылған оқтан көз жұмды. 

Ұшқыштарды қауіп туралы ескерту үшін кабинаға жүгіріп барған стюардесса Дебора Нейлды, артынша ұшқыштарды Берк атып өлтірді.

PSA әуекомпаниясының бас ұшқышы Джон Конте аталмыш рейсте жолаушы болады. Тапанша дыбысын ести салысымен ол ұшқыштар кабинасына беттей бере Берктің қолынан қаза табады.

Қолынан тапаншасын тастамай, қылмыскер жерге отырып, ұшақтың жермен соқтығысу сәтіне дейін табжылмаған. 

Шаралар қолданылды

Тергеу ісінің нәтижелері бойынша 1771 рейстің апат болуы АҚШ-ғы бірқатар заңдардың өзгеруіне септігін тигізді. Бұдан былай экипаждың барлық мүшелері және әуекомпанияның қызметкерлері жолаушылар сияқты міндетті түрде ұшу алдындағы тексерістен өтуі тиіс. Одан бөлек, жұмыстан шығарылған қызметкерлердің жұмысқа кіру рұқсатнамалары мен жетондары еңбек келісімі тоқтатылған соң алынатын болған.   
Бақытымызға орай әлем авиациясында бұндай қайғылы жағдайлар көп емес. Алайда жыл артқан сайын қауіпсіздік қызметінің тексерістері қатаңдалып келеді, өйткені дер кезінде анықталмаған ессіздің қолынан жүздеген адамның өмірі қиылуы мүмкін. 
 

Талқылау