Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
63 жастағы кейуана әкімдіктегілердің үйін заңсыз тартып алғанын айтып, жанайқайын жеткізді
Алматы облысында баспанасынан айырылған 63 жастағы кейуана көмек сұрап отыр. Жалғызбасты ананың 30 жыл бойы тұрып келген баспанасын жергілікті билік өкілдері тартып алған көрінеді. Алайда әкімдіктегілер бұл әрекеттерін мойындамай отырғанға ұқсайды. Әділдік іздеп, сот табалдырығын тоздырғанымен, Сарыөзек тұрғыны шындықтың түбіне жете алмадым, деп отыр.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Күлайса Жазымбаева 30 жыл бұрын сатып алған баспанасының өзгенің қолына қалай өткенін білмей дал. Тоқырау жылдары жан бағу үшін үйін тастап, Алматыға аттанаған екен. 2011 жылы қайтып оралғанда, үй басқаның қолына өткенін естіген. Қолында өз меншігі екенін растайтын құжаттары болса да, әкімдіктегілер үйді өзге адамның атына рәсімдеген.
«Содан 4 рет соттасып, облыс, республикаға барып, ешқандай ештеңе өндіріп ала алмадым. Құжатымның бәрі қолымда, сол жерде тіркеудемін. Ешкім мені жақтамайды. Соныменен жүрмін пәтер жалдап. Пәтерден анда көшем, мында көшем», – дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Күләйса Жазымбаева.
63 жастағы зейнеткер 7 жыл бойы пәтер жалдап шаршағынын айтады. Зейнетақысының қомақты бөлігі пәтерақыға кетеді екен. Әділдік үшін күресуге бел буып, сотқа да шағымданған. Алайда, одан еш нәтиже болмапты. Ал, үйдің қазіргі қожайындары құжаттарының заңды екенін айтып отыр. Тек, аталған баспананы сатып алған кезде оның иесі басқа адам болған, дейді.
«Бұл жер өзі Шайбаева Жеңісбала деген әйелдің жері екен. Ол әйел өзі бізден бұрын осы жердің бәрін өзі қосып, өз планына қосып алған. Одан кейін біз сатып алдық. Біз ол жердің даулы екенін, жаңағы, бұл кісінің атында екенін білмейміз. Тек қана Шайбаевадан қолма-қол сатып алдық», – дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Гүлшария Ысқақова.
Құжаттардың түпнұсқасы Күләйса Жазымбаеваның қолында бола тұра баспана басқаның қолына қалай өткені белгісіз. Әкімдіктегілер де бұған қатысты тұшымды жауап айта алмады. Барлығын соттың шешіміне ысырып отыр. Тіпті, үй басқаның атына рәсімделер сәтте баспананың алғашқы қожайынын іздеген жан табылмаған көрінеді.
«Оны бұл кісінің айтуынша, ешкім іздемеген. Ол кезде мен бұл лауазымда болған жоқпын. Ол жағынан мен ештеңке айтып бере алмаймын. Бұл кісінің бір ғана ойы: маған бір үй тауып бер дейді. Оған біз тауып беретін Сарыөзек ауылында басқа үй жоқ», – дейді Сарыөзек ауылының әкімі Батырхан Тұрсынбаев.
Есесіне атқамінерлер үйсіз қалған кейуанаға ауыл сыртындағы қаңырап бос тұрған эпидемиологиялық орталықтың бір бөлмесін берген екен. Одан бөлек, 10 сотық жер де ұсынған көрінеді. Алайда, қартайған шақта қолыма күрек алып, үй соғатын халде емеспін, дейді жалғызбасты ана.
«Менің жерімді, менің жалғыздығымды басынып, мына әкімдікке барсаң, олар прокурорды жақтайды. Содан мен сөмкемді көтеріп, пәтерде жүрмін. Берген үйінің не есігі, не терезесі, дәретхана ештеңе жоқ. Адамға осындай үй беруге бол ма? Біз адам емес, иттен де әрмен болдық», – дейді Сарыөзек ауылының тұрғыны Күләйса Жазымбаева.
Баспанасынан айрылып, соттың барлық сатысынан жеңіліс тапқан зейнеткер, жалғыз үмітім Астанадағы құзырлы органдарда дейді. Барлық құжаттарын жинап, әділдік үшін күресуін енді Елордада жалғастырмақ.