Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүзден асқан жамбылдық әже ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Рабиға Нұрбаева - еліміздегі ғасыр жасаған ардақты аналардың бірі. Өмірі өскелең ұрпаққа өнеге болатын қарт ана ұзақ өмір сүруінің сыры туралы Stan.kz тілшісіне баяндап берді.

Рабиға Нұрбаева, жеке архивтен

Бала жанының бағбаны

Жер бетінде анадан асқан аяулы, анадан асқан ардақты жан жоқ. Бүгінгі кейіпкеріміз – осындай аяулы аналардың бірі, жеті перзентке жарық дүние сыйлап, ғасыр жасынан асқан ғибратты ғұмыр иесі Рабиға Нұрбаева. Қырғыз халқының перзенті  Рабиға Смайылқызы қазақтың Отан үшін кеудесін оққа тосқан қаhaрман ұлы Әбдіжәділ Нұрбаевпен отау құру арқылы екі елдің арасын жалғаған алтын көпірге айналды. 

Рабиға Нұрбаева ұрпағының ортасында

1922 жылдың 1қаңтарында Қырғызстанның Талас облысы Жонарық ауылында дүниеге келген Рабиға Смайылқызына қазақтың келіні атану бақыты бұйырыпты. Қырық жыл бойы отасқан өмірлік серігі екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұл-қызынан 27 немере, 66 шөбере, 4 шөпшек сүйіп саялы бәйтерек болған әженің айтары да аз емес. 

"Менің  жан жолдасым Әбдіжәділ Нұрбаев білімді, өте сауатты, зияткер кісі болатын. Мен оны қазақтай қайсар халықтың намысты перзенті деп білемін. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинград шайқасының бел ортасында жүріп, қос жанарының біреуінен айрылды.  Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігі үшін І-дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталды. Соғыстан кейінгі Халық  шаруашылығын қалпына келтіру кезіндегі  адал қызметін ел бағалап,  "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды" деп құдай қосқан қосағын мақтаныш сезіммен тебірене еске алды. 

Рабиға Нұрбаева  алғашында колхозда мал бағып, сиыр  сауып, өзінің адал еңбек, маңдай терімен еліміздегі мал шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосты.  Кейіннен Рабиға Смайылқызы өзінің саналы ғұмырын балабақшадағы бала тәрбиесіне арнады."Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы". Өнегелі өмір иесі Рабиға Смайылқызы  өз ісіне деген адалдығымен бала жанының бағбаны десе болғандай. Себебі, ол кісі – екі айлық  сәбилерін балабақшаға қалдырып, аналары еңбекке ерте араласатын сол бір қиын-қыстау кезеңдерде дүние есігін ашқанына санаулы-ақ айлар болған нәрестелерге бармақтың басындай құтымен анасының сүтін беріп, бағып, қаққан жанның бірі.

"Бала – тапқандікі емес, бағып, қаққандікі" десек, онда Рабиға әжейдің перзенттері жетеуден әлдеқайда көп дер едік. 

Ұлдарым ұяға, қыздарым қияға қонып, өмірден өз орындарын тапты

"Мен үшін өмірдің мәні – татулық пен бірлік. Екінші  бір маңызды дүние – адал еңбек ету. Алланың берген перзенттерін маңдай теріңді төгіп, адал еңбекпен табыс тауып, бағып-қаға білсең – соның өзі зор бақыт. Өмір бойы адалдықты ту етіп ұстаған жандардың ісіне Алла берекесін береді" дейді кейуана.

Еселі еңбегімен елге танылған отбасы ұрпағының бойына құдай қосқан қосағы екеуі ең алдымен, адалдықтың дәнін сепкендігін астын сызып, атап айтты. Сол адалдықтың арқасында  балалары да ата-анасының үмітін ақтап, елге абыроймен қызмет етіп келе жатыр.

"Көп адам менен ұзақ өмір сүрудің құпиясын сұрап жатады. Елдің ішкен ас-суын ішіп, ауасын жұтып жүрген жанбыз ғой. Меніңше, адам ұрпағымен  ұзақ жасайды. "Балаң жақсы болса - жан мен тәннің шырағы" дегенді ата-бабамыз тектен-текке айтпаса керек-ті. Яғни, балаларымыз, ізгі, парасатты болып өссе - бақыттың ең үлкені осы. Аллаға шүкір, перзенттерім – өздері қалаған кәсіптері бойынша білім алып, отбасын құрып, бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Сондықтан да болар, Алланың берген жасын жасап келе жатырмыз" дейді абзал ана. 

Анамыздың өмір сүру дағдысы айрықша дей алмаймын...

Бүгінде адалдан ас табуды немере-шөберелерінің саналарына сіңіріп, ізгілік дәнін сеуіп  жүрген әже туралы перзенттерінен де сұрап білдік: "Анамыздың өмір сүру дағдысы айрықша деп айта алмаймын. Біз де сол қатардағы қарапайым отбасылар тәрізді тамақтанып, күнделікті күтімін жасаймыз. Қазіргі таңда анамыз ең кіші ұлы Мараттың қолында тұрады. Келініміз Айгүл  тәулік бойы сол кісінің қасында. Кішкентай күнінде бауырымды анам қалай арқалап бақса, ол да бүгінде анамызды алақанына салып, аялап қарап отыр. Денсаулығы бірқалыпты. Есте сақтау қабілеті өте жақсы. Бүгінгідей жаздың жайдары күндері бір мезет далаға шығып, таза ауамен тыныстайды. Анамыз бәрімізді тазалыққа, еңбекке, білім алуға, өтірік айтпауға тәрбиелеп, өсірді. Анамыз

"Елім – Манас, Жерім – Талас, Өсіп-өніп, көсегем көгерген  жерім – Қазақстан" деп үнемі айтып отырады. Қырғыз нағашыларымызбен өте жақсы араласып, екі елдің арасын жалғап, барып-келіп тұрамыз. Анамыз Қазақстандай байтақ елде қаншама ұлт пен ұлыстың баласы тату-тәтті өмір сүріп жатқанына дән риза. Ұрпақтарына да ең бастысы елдегі татулық пен бірлік екенін үнемі айтып отырады", – дейді ұлы Өсер Нұрбаев.

Айналасына шуақ шашқан жан

Ата-ананың ақ тілегі қабыл болса керек, бүгінде Рабиға әжейдің перзенттерінің барлығы дерлік - өз саласының майталман мамандары. Атап айтқанда, ұлы Өсер Нұрбаев Жамбыл облысына қарасты Сарыкемер, Қызылжұлдыз, Жаңатұрмыс ауылдарында ұзақ жылдар бойы әкімдік қызметте жемісті еңбек етті. Жаңатұрмыс ауылына жаңадан мектеп салдырып, қаншама оқушының білім нәрімен сусындауына қолайлы жағдай туғызды. Ұлтаралық қақтығыстар туындаған небір қилы кезеңдерде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау жолында аянбай тер төккен ердің еңбегі әлі күнге дейін ел жадында. Бүгінде ол Жамбыл облысы Байзақ аудандық мұражайының директоры қызметін атқарады. 

"Сендер ештеңеден қорықпай, ойларыңды ашық, әрі анық айтуларың қажет. Алдарыңа нақты мақсат қойып соған жетулерің керек" деп бізге өте жоғары талап қоя білді дейді ортаншы қызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Жидегүл.

Ортаншы ұлы Өнербек атына заты сай болып, өнер әлемінде бақ жұлдызы жанды. Белгілі әнші Алтынбек Қоразбаевтың шәкірті атанып, туған елін ән бесікте тербете білді. Сондай-ақ ол кісі жақсы сөзімен жалпақ жұрттың жандүниесін жадыратқан талантты азамат, азулы асаба еді.Өзі өмірден өтсе де, оның өнері туған елінің есінде мәңгі сақтаулы.

Рабиға әжейдің тұңғыш ұлы Берік – ел ішінің берекесі. Тұңғыш қызы Жұмакүл –  ана жолын қуып, балабақшада қызмет етті. Ал кенже қызы Құралай – аудармашы. Бәрі - үбірлі-шүбірлі, өсіп-өнген жандар.

"Елде тыныштық болсын, әр шаңыраққа ырыс-құт қонсын!" деп ақ батасын берді ғасыр ана.

 

Гүлмира САДЫҚ
 


 

Талқылау