Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

61 миллион теңгеден астам шығын келтірген: Талдықорғанда қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды

Талдықорған қалалық сотында қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша Qnet қызметкеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

пирамида

Сот анықтағандай, азамат Т. 2018 жылдың жазында халықаралық Qnet компаниясының сайтына тіркеліп, тәуелсіз өкілдің куәлігін алған. 2019 жылдың қазан айында сотталушы Алматы облысы Талдықорған қаласында (қазіргі Жетісу облысы) жаңа қатысушыларды қаржы пирамидасына қатысу үшін заңсыз тартқан, онда азаматтар Qnet жүйесіне тіркелу үшін 690-нан 860 мың теңгеге дейін жарна салуы керек болған. Сонымен бірге ол компанияның әрбір мүшесіне апта сайын 200 доллар көлемінде төлем жасауға уәде берген.

Қылмыстық схема бойынша әрекет ете отырып, әрбір қатысушыны жаңа қатысушы тартуға міндеттеген. Яғни дивидендтер қаржы пирамидасына жаңадан енген қатысушылардан төленуі керек болатын. Т.-ның қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде 76 азамат қаржы пирамидасына тіркеліп, жәбірленушілерге 61 миллион теңгеден астам шығын келген.

Сотта прокурор оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Іс бойынша жәбірленушілер шығын өтелмегендіктен қатаң жаза қолдануды сұрады. Сотталушы Т., кінәсін мойындамай, соттан оны ақтауды сұрады.

"Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен және қылмыстық істің басқа да зерттелген материалдарымен дәлелденді. Кәмелетке толмаған екі баласының болуына, бірінші рет қылмыс жасауын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі.

2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда Qnet желілік компаниясына қарсы 29 қылмыстық іс тергеліп жатқаны белгілі болды.

Талқылау