"600 мың теңгелік торт ісі": Кондитерді "алаяқ" деп атаған блогер Аселина Батыр жауапқа тартылуы мүмкін
Фото: threads.com/@akbergenova__nurshat
600 мың теңгелік торт бойынша сот отырысында блогер Аселина Батырдың сөздеріне қатысты сарапшының қорытындысы жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"600 мың теңгелік торт ісі" деп аталып кеткен дауға қатысты сот тыңдауында судья лингвистикалық сараптама қорытындысын оқыды. Сарапшының пікірінше, блогер Аселина Батырдың айтқан сөздері теріс сипатта және шағымданушының ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер қатарына жатқызуға болады.
"Аталған мәлімдемеде бағалау сипатындағы жағымсыз пікір бар. Instagram желісіндегі “ЯАселина” есімді аккаунттағы жазба мен стористерде талапкер кондитер Нұршат туралы теріс пікірлер айтылған, бұл жеке тұлғаның ар-намысы мен кәсіби беделін төмендететін мәліметтер болып табылады. Егер бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, олар ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіретін ақпарат ретінде бағалануы мүмкін", - делінген сарапшының қорытындысында.
Осылайша, сарапшы блогердің сөздері Нұршат Ақбегенованың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін растады. Талапкер Нұршат Акбергенованың айтуынша, Аселина оны әлеуметтік желілерде "алаяқ" деп атап, оның іскерлік беделіне нұқсан келтірген.
Даудың туындауына стористердегі айыптаулар себеп болған. "Мұндай адамдар қарапайым халықтың атын жамылып, ақша бопсалайды" деген Аселина өз жазбаларының бірінде. Тағы бір сторисінде ол "Бұл Нұршат — өзін халықтың атынан жәбір көрген етіп көрсетіп, шоу жасағысы келген алаяқ" деп мәлімдеген.
Аселина Батырдың өкілі Ғазиза Әмірбекованың айтуынша, блогердің стористерінде кондитер Нұршат Акбергенованы "алаяқ" деп атауы және адамдарды одан торт алмауға шақыруы Нұршаттың іскерлік беделіне ешқандай зиян келтірмеген.
"Өйткені ол (Нұршат) үлкен аудитория жинады, оған жарнама жасау ұсыныстары түсіп жатыр, сондай-ақ республикалық телеарналарға шақырту алған", - деді Ғазиза Әмірбекова.
Сараптама қорытындысы жарияланғаннан кейін сот торт дайындауға қажетті материалдар мен қызметтерге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды қарауға кірісті.
Еске сала кетейік, дау кондитер Нұршат Акбергенова мен блогер Аселина Батыр арасында шыққан. Нұршаттың айтуынша, тапсырыс беруші "ең үлкен және ең әдемі торт" жасауды сұраған, бірақ баға туралы нақты келіспеген. Десерттің өзіндік құны 350 мың теңге болса, жұмысшылардың еңбегін қосқанда жалпы сома 600 мың теңгеге жеткен. Кондитер торт әзірлеу кезінде 150 мың теңге алдын ала төлем сұраған, бірақ небәрі 100 мың теңге ғана алғанын айтады. Ал тапсырыс дайын болған соң Аселина Батыр қалған соманы төлеуден бас тартып, "баға шамамен 300 мың теңге болады деп ойладым" деген уәж айтқан. Бұл оқиға Қазақстанда ғана емес, шетелдік әлеуметтік желілерде де қызу талқыланды.
Айта кетейік, бұған дейін Астана қалалық соты блогер Аселина Батырдың мәлімдемелеріне филологиялық сараптама тағайындаған еді. Блогерге 600 мың теңгеге торт жасаған кондитер одан 3 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті. Аселина Батырдың адвокаты торттың құны 150 мың теңге екенін айтты.
"Қандай жанталасты бастан кешкенімді сөзбен түсіндіру мүмкін емес": Қатерлі ісікті 3 рет жеңіп шыққан қазақстандық әйелдің оқиғасы көпті шабыттандырады