Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

6 жасында Бетховеннің қиын шығармасын үйреніп шыққан: Құлақ мүкістігі бар шығысқазақстандық пианист халықаралық жарыстарда топ жарып жүр

Жаһан жұртшылығын тәнті еткен бірегей музыкант Бетховен есту қабілетінен айырылған соң небір тамаша туындыларын дүниеге әкелген. Құлағында туабітті кемістігі бар шығысқазақстандық Санжар Сағандықов та дарынды композитордың жолын қуып келеді. Оның фортепиано мен гитарада ойнағанда тұла бойыңызды айрықша сезімге бөлеп, музыка әлеміне еніп кеткендей күй кешесіз. Жас дарын иесі небәрі 6 жасында музыка мектебінің 7-ші сынып оқушыларына арналған Бетховеннің «Элизаға» шығармасын орындап үйренген.

Шығыс Қазақстан өңіріндегі Риддер қаласында туған Санжар Сағандықов арнайы аппарат көмегімен дауыстың 50 пайызын ғана естиді. Жасы он үште болса да, аспапта ойнауда алдына жан салмайды. Баланың ата-анасы оның бұл кемістігін тек төрт жасында ғана білген.

“Санжарды дауыстап шақырғанда кейде естімей қалатынын аңғардық. Бастапқыда ойынның қызығына кіріп кеткен шығар деген ой келді. Бірақ мұнысы жиі қайталанып, ақыры тұңғышымызды дәрігерге апардық”,  – дейді әкесі Талғат Сағандықов. 

Дәрігерлер баладан құлақ мүкістігін анықтайды. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл дерттің нақты емдік жолдары күнге бүгінге дейін белгісіз, әлі табылмаған.

“Есту аппаратын сатып алған соң ұлымыз әр нәрсеге таңырқай қарады. Әсіресе нөсерлеткен жаңбыр дауысы, қардың аяқ астындағы сықыры Санжарға ерекше әсер сыйлады. Күзді күні еді. Далада серуендеп жүргенде балам менен «Әке, бұл қандай дыбыс?» деп сұрады. Мен оған «жел соққандағы ағаш жапырақтарының сыбдыры ғой» деп жауап бердім. Жүзі жайнап, әрі қуанып, әрі таңданып тұрған ұлымды көргенде менің де көңілім босап кетті”, – дейді жас таланттың әкесі.

6 жасында Бетховеннің “Элизаға” шығармасын үйреніп шыққан

Арада аз-кем уақыт өткен соң Санжардың музыкаға деген қызығушылығы пайда болған. Алты жасқа толғанда ата-анасы оны Риддер қаласындағы музыка мектебіне береді. Бірінші сыныпқа қабылданған жеткіншек фортепианода Бетховеннің «Элизаға» шығармасын алғаш рет естігенде бірден «осы туындыны үйренгім келеді» деген. Музыкаға деген әуестігін байқаған әке-шешесі осыдан соң ұлдарына тиісті ноталарды шығарып берді.

“Санжар 7-ші сынып оқушыларына арналған композицияны өз қабілетімен аз уақыт ішінде үйреніп алды. Ұстаздары мұндай жайтты көріп, сенер-сенбестерін білмей қалған еді”, – дейді анасы Сәния.

Талантты жастың құлағындағы мүкістігі жүрегіне жақын туындыларды үйреніп, бойына сіңіруіне кедергі бола алмады. Музыка мектебіне межелі уақытынан қалмай барып жүрді. Санжардың ерекшелігі сол, үнемі күрделі шығармаларды таңдайды. Ноталарды 10-15 минут оқып-танысады да, композицияны 10 минут ішінде түгелдей жаттап алады екен. Осыны аңғарған ата-анасы уақыт өте келе балаларының тума талант екендігіне көз жеткізген.

Жарыстардан жүлдесіз қайтпайды

Санжар гитарада да ойнайды. Екі аспаптың тілін меңгерген ол елішілік бәсекелерден бөлек, халықаралық сындарда топ жарып жүр. Айталық, 2016 жылы Семей қаласында жалауын көтерген Латиф Хамиди атындағы халықаралық сайыста оза шауып, бірінші орынды қанжығалайды. 2017 жылы Барнаулда өткен музыка жарысына қатысып, жеңімпаз атанған. Осы сайыста ресейлік белгілі музыканттар риддерлік балақайдың өнеріне оң бағасын беріпті.

Араға жыл салып, Риддерде қала көлеміндегі таланттылар байқауы ұйымдастырылды. Соның ішінде үздік танылғандарға облыстық додаға жолдама берілген еді.

“Сәтін салып, ұлымыз Шығыс Қазақстанда оқ бойы озық шықты. Өз өңірінде топ жарған соң елордада өтетін халықаралық сайысқа жол тартты. Онға тарта елден келген 400-ден астам қатысушы өнер көрсеткен додада үміт артқан ұлымыз бірінші орын иеленді. Мәпелеп өсірген мақтанышымыздың әркез тілеуін тілеп отыратын біздің қуанғандағы әсерімізді айтып жеткізу мүмкін емес еді”, – дейді Талғат Сағандықов.

2021 жылы Санжар Болгария елінде өткен халықаралық байқауда бақ сынаған. Жарыс коронавирус індетіне байланысты онлайн форматта өтіп, ол сайыста да бас бәйгені қанжығалады.

Дарынды жас қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жүр. Музыка әлеміне жан-тәнімен ғашық. Шығармашылық тұрғысынан Бетховендай ұлы музыканттан асып түскей, тек дерті мазаламаса болды. Бойында таланты бар баланың мақсаты айқын, өзіне бек сенімді.

 

Дайындаған: Әділхан Есімханов

Талқылау