"6 миллион теңге несие алдыртқан": "Робин Гуд" деп танылған Ілияс Сариевтың сотында жәбірленуші кешірім бермейтінін айтты
Фото: instagram.com/qazaq_robin_hood
Алматыда Алмалы аудандық соты "Робин Гуд" атымен танылған Ілияс Сариевке қатысты істі қарап жатыр. Оған бірнеше рет алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Сот отырысында жәбірленушілердің бірі Сариевтің өтініші бойынша 6 миллион теңге несие алып, қазір "қарызға батып жатқанын" айтты. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Ілияс Сариев Instagram-дағы @qazaq_robin_hood аккаунтында 600 мыңнан астам жазылушысы бар блогер. Ол видеожазбаларында ауру адамдарды емдеу үшін қаражат жинауды бастап, мақсаты қарапайым халыққа көмектесу екенін айтты.
Енді ол және 33 жастағы Ақтота Дүйсеева Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы "Бірнеше рет жасалған алаяқтық" бойынша айыпталып жатыр. Олар үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеушілердің айтуынша, Сариев ауыр науқастардың туыстарынан қайырымдылық қаражат жинау туралы жарнаманы жариялағаны үшін ақша алған. Ол емделуге қаражат жинау үшін Instagram аккаунтында видеоларды жариялауға уәде берді, бірақ талапты орындамады. Соның салдарынан көмек күткен отбасылар тиынсыз, қолдаусыз қалды. Алты адам зардап шекті.
Сондай-ақ Сариев сотталушы Ақтота Дүйсееваға тиесілі MM Travel туристік агенттігін жарнамалаған. Адамдарға қажылық пен умраға баратын пакеттер сатылып, қажылыққа баруға уәде берілді. Осылай 21 адамды алдап кеткен, ақша компанияның есепшотына түсіп, қажылық орындалмаған.
“5 айлық зағип қыздың ақшасын бермеген”: Ілияс Сариевтың тағы бір былығы ашылды
"Жалғыз басты анаға 2 миллион теңге алдырған": Ілияс Сариевтің тағы бір былығы әшкере болды
2 қазан сотта жәбірленуші Тоғжан Дүйсенбаева жауап берді. Ол Сариевтің қызметін ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желі арқылы бақылап жүргенін және онымен өткен жазда дәмханада кездейсоқ кездесіп қалғанын айтты.
"Мен оған жақындап, күйеуіммен ажырасатынымды айттым, үйсіз қалдым, үш баламен қалдым дедім. Мен интернатта өстім, ешқандай қолдаушым жоқ. Оның басқаларға көмектескенін білетінімді айтып, қолдау сұрадым. Ол көмектесуге уәде беріп, бірден 200 мың теңге берді", – деді Дүйсенбаева.
Біраз уақыттан кейін Сариев әйелге хабарласқан, бірақ бұл жолы өзі үшін көмек сұраған. Дүйсенбаеваның айтуынша, ол ауыр науқас екенін және Түркияға емделуді жоспарлағанын айтып, ақша сұрапты.
"Сариев маған өз атыма несие алуымды айтты. Ай сайынғы төлемге ақша жіберіп, емделгеннен кейін баспанаға көмектесемін деп уәде берді. Астанада байланысы барын айтты. Мен оған сендім, себебі үш баламмен бір жалдамалы пәтерден екінші пәтерге көшіп жатырмын. Банкке барып, 8 миллион теңге сұрадық, бірақ олар 6 миллион теңгені ғана мақұлдады", – деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, Сариев көп ұзамай байланысын тоқтатып, төлем жасаудан жалтарған. 2025 жылдың сәуір айынан бастап ол тергеуге алынғаннан кейін несие төлемдері мүлдем тоқтатылды.
"Несиені өтеуін өтіндім. Жауап ретінде ол мені қарғады. Мерзімі өткен төлем ақыры 7,5 миллион теңгеге дейін өсті. Осы несиенің кесірінен жеке кәсіпкерлігім тоқтап қалды, қазір тіпті жұмыс істей алмаймын. Коллекторлар телефон соғып, менен ақшаны талап етіп жатыр. Мен оған ең ауыр жазаны сұраймын", – деді әйел.
Ілияс Сариев несиені уақытында төлеп, тек қамауға алынғаннан кейін төлей алмағанын айтады.
"Біз бір-бірімізге сендік. Төлемді жалғастыру үшін сізбен байланыса алмадым. Мен қатаң жаза сұрайтындай ауыр бірдеңе жасадым ба? Мен бұл ақшаны қайтарамын", – деді Сариев.
Сотталушының адвокаты Дүйсенбаевадан қарыз өтелсе, Сариевті кешіре ме деп сұрады. Ол бас тартты. Жәбірленушінің айғақтарынан кейін судья Ернар Қасымбеков күтпеген жерден сотталушыға өтініш жасады.
"Егер шынымен де жәбірленушілерге ақшаны қайтаруды көздесеңіз, осы әйелден бастаңыз. Қасиетті кітаптарда "Жетім мен жесірдің ақысын жемеңдер” деп жазылған. Бұл ең ауыр күнә саналады", – деді судья.
Қорғаушы судьяның өтінішіне үнсіз басын изеді. Сот жалғасып жатыр.
Еске салсақ, "Қазақ Робин Гуд" деп танылған блогер алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені айтылды. 22 қыркүйекте сот отырысы болып, жәбірленушілердің бірі баласының еміне ақша жинап беруі үшін 750 мың теңге жібергенін айтты.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
