Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

6 миллиард теңге шығын келтірді: Алматыда қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты

Алматыда қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында 16 сотталушыға қатысты аса ірі көлемде қаражат тарту арқылы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқару және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруда делдалдық жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Сот айыпталушылардың бірінің және басқаларының 2017 жылдың мамыры мен 2020 жылдың желтоқсаны аралығында қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін ұйымдастырып, басқарғанын анықтады.

"Алдын ала дайындалған жоспарға сәйкес, А. және басқалары "Q" ЖШС ашып, оған ақша салуды ұсынып, салымшыларға жоғары пайыздық мөлшерлемеге уәде бере отырып, азаматтарды тартқан. Жоғарыда аталған ЖШС бұрын тіркелген салымшыларды жаңа салымшылардың жарналары есебінен ақшалай байытуға қызмет етіп келген.

Сотталушылардың жасаған бұл схемасы республика аумағында тыйым салынған қаржылық пирамида болды. Бұл ретте ЖШС Шымкент, Түркістан, Астана, Қарағанды, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Өскемен қалаларында құрылымдық филиалдары болған, өз кеңселерінде олар жаңа инвесторларды тартумен де айналысқан", - делінген сот мәлімдемесінде.

Ұйымдастырушылар жарнамалық науқандар жүргізіп, кірісі жоғары инвесторларды тартып, салымшылар санын ұдайы арттырып отырған. Экономикалық қызмет көрсетуге лицензиялары болмағанына қарамастан, салымшыларды тартумен, оларға валюта нарығында ойдан шығарылған инвестициялық операцияларды ұсынумен айналысқан.

"Бұл әрекеттер 1345 жәбірленушіге аса ірі көлемде 6 миллиард 136 миллион 223 мың 773 теңге залал келтірді", - деп толықтырды сот.

Қылмыстық істі қарау кезінде сот шын жүректен өкіну түріндегі жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, бес сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа алғаш рет тартылып отырғандарын ескерді.

"Сот үкімі бойынша 16 адам аса ірі көлемде қаржы тарту арқылы қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін басқарғаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. 15 айыпталушы 6 жыл 2 айдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарын басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды”- делінген сот үкімінде.

Тағы бір айыпталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. 

Талқылау