Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл жерде 5G бар": Бизнеске жаңа желі не береді

Kcell компаниясының орнатқан 5G желісін бүгінде көптеген қазақстандық пайдаланып, оң бағасын беріп үлгерді. Сонымен қатар компанияның жылдам желісі шағын және орта бизнес өкілдері үшін де жаңа мүмкіндіктер ашуда. Мәселен, Алматыдағы Marrone Rosso кофеханасына 5G желісі орнатылғалы бері, мегополис тұрғындары жылдам желінің игілігін көріп отыр. Әдетте мұнда кәсіпкерлер мен фрилансерлер жиналып дәмді тамақтанып қана қоймай, маңызды шаруаларын шешеді. Stan.kz тілшісі осындай кездесулердің біріне қатысып, 5G желісі жұмысбасты тұрғындардың шаруасын қалай жеңілдетіп жатқанын білді. 

Мәселен, кофеханада біз кездестірген жас кәсіпкер Әлішер Жұмахмет осы жерге келіп жүріп, өзінің жаңа жобасын аяқтаған. Izirent деп аталатын платформа әртүрлі заттарды жалға беру және жалға алу қызметін ұсынады. Қазіргі таңда Алматы және Астана қалаларында спорт жабдықтарын жалға алу мүмкіндігі ашылған.

"Мен күнделікті осы кофеханаға келіп өз жұмысымды істеймін. Бұл жер мен үшін шаруаларды тындыруға ыңғайлы кеңсе әрі тамақтануға қолайлы мейрамхана орнына айналды. 5G желісі орнатылғалы бері жұмысымыз да жеңілдеді. Біздің платформада тұтынушының өтінішін тез арада қанағаттандыру маңызды. Wi-Fi желісі жылдам болғандықтан, жұмыс істеу де жеңіл бола бастады. Қолданушылар үшін желінің жақсы жұмыс істегені уақыт үнемдеуге көмектеседі. Жалпы жобаның өзі сол үнемділікті насихаттайды. Оның үстіне тек бірнеше рет қана қолданатын заттарды сатып алмай, жалға алу және жалға беру экологияға пайдасын тигізеді", – деді Әлішер.

Әлбетте, қазір көпшілік баратын жерлерді таңдар кезде оның мәзірі мен әдемі дизайнынан бөлек, ыңғайлылығына, тиімді бонустарына да аса мән береді. Мысалы, көзі көрмейтін азаматтарға арнап жаңа платформа жасап шыққан тағы бір стартап бастаушы Ілияс Әділханов ерекше қажеттілігі бар адамдарға 5G технологиясының аса қажетті екенін жеткізді.

"Біздің командамыз толығымен қашықтан жұмыс істейді. Сондықтан интернеттің жақсы жұмыс істегені біз үшін өте маңызды. Дәл қазір InfoLand атты көзі көрмейтін жандарға арналған платформаны дайындап шықтық. Бұл жерде көзі көрмейтін адамдарға арнап, фильмдердің аудио нұсқасын жүктейміз. Әзірге үш фильм жүктеліп тұр.  Осы тұста бізге жылдам желінің көп көмегі тиді. Үйдегі, кеңседегі Wi-Fi желілерінің өзі кейде кідіріп, жүктеу уақытын созатын. Ал қазір, міне, Marrone Rosso секілді 5G желісі бар орындар бізге үлкен мүмкіндіктер берді”, – деді Ілияс Әділханов.

Marrone Rosso кофеханасының маркетинг директоры Әлібек Алимовтың айтуынша, 5G Wi-Fi желісін орнатпай тұрып, кофеханада интернет дұрыс істемей, қиындықтар пайда болған. Жаңа желіні орнатқан кезден бастап, бұл мәселе толығымен шешіліп, жұмыс жеңілдеген.

"Алғаш рет біздің кофеханада 5G Wi-Fi желісін орнату туралы ұсыныс айтқанда оны бірден қуана қабылдадық. Бұл біріншіден, бізге келіп, осы жерде жұмыс істейтін адамдар үшін ыңғайлы болды. Екінші жағынан, біздің бизнесімізге де өз пайдасын тигізді. Мәселен, маған маркетинг жағынан көптеген ақпарат алып, оны бөлісіп отыруым қажет. 5G көмегімен жұмысым әлдеқайда жеңілдеді, себебі қазір деректерді жылдам тауып, лезде пайдаға жаратамын. Бұдан бөлек, банк картасымен немесе қосымша арқылы төлем қабылдау, онлайн-мәзір қарау сынды өзгерістер үшін бізге интернеттің жақсы жұмыс істегені маңызды", – дейді Әлібек Алимов.

Kcell компаниясы директорының шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Мұрат Хамзиннің айтуынша, 5G-ге кез келген телефон Wi-Fi желісі арқылы қосыла алады.

"Интернет тиімді және үзіліссіз жұмыс істейді деп сеніммен айта аламын. Негізі смартфондары 5G-ді қолдамайтын жандар үшін жылдам желіге Wi-Fi арқылы қосылу – керемет тәсіл. Дегенмен кейде адамдар күнделікті Wi-Fi желісн пайдалану кезінде ол жұмыс істемей, кідірістер пайда болып жатады. Ал Marrone Rosso сияқты мекемелер өз клиенттеріне үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасаған. Осылайша, бұл мекеме келушілеріне адал қарым-қатынасымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, бұл жер келушілерін дәмді тамақтандырып қана қоймай, өнімді жұмыс істей алатындай етіп көптеген процесті цифрландыруға тырысады", –  деді Мұрат Хамзин.

Оның сөзінше, алдағы уақытта Kcell жаңа жобалар жасамақ. Олардың қатарында 5G желісін қолдана отырып, оқушылар арасында мобильді ойыннан кибер турнир ұйымдастыру да бар.

Айта кетейік, Kcell қазірдің өзінде республика бойынша 15 қалада 360-тан астам 5G базалық станциясын орнатқан. Енді барлық дерлік облыс орталықтарының тұрғындары жаңа байланыс технологиясын пайдалана алады. Қазіргі уақытта оператор Қонаев пен Талдықорған қалаларында базалық станция қондыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек, B2B сегментіндегі ірі оператор Kcell компаниясының клиенттері де технологияны белсенді пайдалануда.

Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін операторлар консорциумы, соның ішінде Kcell бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам 5G базалық станциясын орнатуды мақсат еткен.

Талқылау