Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

55 жаста зейнетке кеншілермен бірге металлургтер, рентгенологтар шығады - Дүйсенова

Зейнетке ерте шығатындар қатарына шахтерлер, металлургтер, рентгенологтар және зиянды еңбек жағдайында қызмет етіп жүрген басқа да мамандар енеді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

фото: www.kt.kz

Премьер-Министрдің орынбасары, жұмыс тобы кеншілерді ертерек зейнетке шығару жағынан бір тоқтамға келгенін айтты. Міндетті шарттар 55 жас, кемінде 7 жыл еңбек өтілі, міндетті зейнетақы жарналарының аударылуы болмақ.

"Қазір жұмыс аяқталу сатысында. Айтқанымдай, мемлекеттік бюджет бойынша, 2015 жылдан бастап БЖЗҚ-ға және сақтандыру компанияларына аударылатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын алу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Нормалар тек кеншілерге ғана қатысты емес, олар МРТ-да жұмыс істейтін және металлургтер, рентгенологтарға да қатысты болады", - деді ол Назарбаев Университетінің кулуарларында.

Тамара Дүйсенова норма жыл соңына дейін заңмен бекітілетінін және 2024 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін екенін атап өтті. Қазір қаржыландыру көлемі есептеліп жатыр.

Айта кетейік, кеншілердің ерте зейнетке шығу мәселесі Еңбек министрлігінде бір жылдан астам уақыт бойы талқыланып келеді.

 Бұдан бұрын Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазір шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтқан.
 

Талқылау