Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоғамдық көлікті 500 теңге етсек, кептеліс азайып, "элиталық" топ көбейеді": Олжас Байділдинов өзін сынағандарға жауап берді

Олжас Байділдинов

Фото: Алматы әкімдігі

Мұнай және газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Астана мен Алматы қалаларында қоғамдық көліктегі жол ақысы 500 теңге болуы керек деген пікір білдірді. Қоғам белсендісі тек осындай қадам кептелістерден құтылуға көмектеседі деп түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Олжас Байділдиновтің жолақыны көтеру жөніндегі жазбасы жексенбі күні әлеуметтік желілерде тез таралып, қоғамда түрлі реакция туғызды. Сарапшы бұл жағдайдың артында өзге себептер бар деп санайды.

"Жұбайыммен 12 қазанда Үндістаннан оралдық. Сол жерде біз "Әлемнің супермодель ханымы" байқауында бас жүлдені жеңіп алдық. Әрине, кейбір қызғаншақ адамдардың көңіл күйімізді түсіргісі келген шығар. Өйткені бәрі сілтеп жатқан жазба 7 қазанда жарияланған еді. Бір апта өтті, ал жексенбі күні түстен кейін әлдекім оны қайта еске түсірді. Мұның бәрі кездейсоқ деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ", –деді Олжас Байділдинов.

Сарапшының пікірінше, қазақстандық қалалардағы басты мәселе – қоғамдық көлік саласындағы субсидиялардың ашық бөлінбеуі. Оның айтуынша, Алматыда жыл сайын әкімдік қоғамдық көлікке шамамен 200 миллион доллар бөледі, бірақ бұл қызмет сапасына еш әсер етпейді.

"Қазақстандағы қоғамдық көлік өте нашар, сондықтан адамдар оны пайдаланғысы келмейді де, көлік сатып алады. Соңғы бес жылда автокөлік саны шамамен 1 миллионға өсті. Қазір елде 5 миллион шамасында автокөлік бар. Жыл сайын шамамен 250 мыңға артып отыр. Демек, 2030 жылға қарай тағы миллион көлік қосылады. Бұл – қалаларымызда шексіз кептеліс болады деген сөз", – деді Олжас Байділдинов.

Қоғамдық көлікті дамыту қажеттігімен Байділдиновтің пікісімен келісуге болады дейді басылым. Алайда жол ақысын 500 теңгеге көтеру туралы ұсынысы жұртты таңғалдырды.

"Қазір ешкім бұл салаға бизнес ретінде кіріспейді. Егер біз, яғни сіздер мен оқырмандарыңыз, бірігіп автобус паркін сатып алып, қалаішілік бір бағытқа қойсақ, қазіргі тарифпен ол шығынға батады. Бұл салада нарықтық баға қажет", – деді Олжас Байділдинов.

Мұнай және газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов халықтың жеке көліктен бас тартуы үшін қоғамдық көлік тартымды болуы керек деп санайды. Оның пікірінше, бұл мақсатқа жетудің жалғыз жолы – жолақыны қымбаттату. Сарапшының айтуынша, сонда ғана нарыққа инвесторлар келіп, бәсекелестік артып, тұрғындар қымбат болса да жайлы автобустарды таңдай бастайды.

Алайда мұндай ұсыныс қоғамда сұрақ туғызды. Егер қоғамдық көлік жайлы әрі қымбат болса, ол "элиталық" деңгейге айналып кетпей ме? Ал көлігі жоқ және күніне жол жүруге мың теңге таба алмайтын қарапайым азаматтар не істемек? деген сұрақ қойылды.

Байділдинов бұл тұрғыда 1990-жылдардың тәжірибесін мысалға келтіріп, сол кезде қалаларда ресми автобустармен қатар “маршруттық таксилердің” де жүргенін еске салды. Сарапшының пікірінше, Қазақстанда да осындай аралас жүйе қалыптастыру тиімді болар еді.

"Қазақстанда да осы жүйені енгізу қажет. Егер әлеуметтік бағыттағы арзан қоғамдық көлік керек болса, болсын. Ал кім жылытуы бар, жазда кондиционері істейтін, тек отыратын орындары бар жайлы автобустармен жүруді қаласа, нарықтық бағаны төлеуге тиіс. Қазіргі жолақымен бұл саланы ұстап тұру мүмкін емес, әсіресе қазір Қазақстан бюджеті тапшылық жағдайында тұрғанда", – дейді Олжас Байділдинов.

Дегенмен мұндай жағдайда жүйе одан әрі күрделене түсуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, сапасыз қоғамдық көлікке қымбат автобустар мен "маршрутка" тәрізді көліктердің қосылуы жолдағы кептелісті күшейтуі ықтимал.

"Егер қоғамдық көлік сапалы болса, ол жеке көліктен арзан түседі. Ал мемлекеттік нәрсе ешқашан сапалы болмайды! Мемлекет басқаратын қызмет әрқашан баяу, тиімсіз және ынтасыз болады. Басқа қандай жол бар? Барлығын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырамыз ба? Бұл да мүмкін емес", – деді Олжас Байділдинов.

Басылымның мәліметінше, Байділдиновтің ұсынысы жүзеге асқан жағдайда кептелістер азаюы мүмкін, бірақ жолақының қымбаттығынан көпшілік қоғамдық көліктен бас тартып, жаяу жүруге мәжбүр болар еді. 500 теңгелік тариф жолды босатып, қоғамдық көлікті элитаға, ал қалғандарын жаяу жүруге итермелейтін "көлік реформасына" айналуы ықтимал.

Айта кетейік, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру туралы сөздер тек жеке сарапшының пікірі екенін айтты. Ал Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин экономикалық алғышарттар болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.


"Қазақстанда қазақша сөйлейтіндер көбейіп барады, шара қабылдау керек": Олжас Байділдиновтің тағы бір мәлімдемесі талқыға түсті


Депутаттар жолақысын 500 теңгеге көтеру ұсынысын сандырақ деп атады


Еске салайық, бұған дейін Олжас Байділдинов 2022 жылғы "Қанды Қаңтар" оқиғасының қарсаңында газ бағасын көтеруді қолдап, қоғамның сынына ұшыраған. Енді сарапшы қоғамдық көлік жолақысын 500 теңгеге дейін қымбаттату керек деген пікірімен тағы да дау тудырды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 18:39
Талқылау