50-ден астам адамды алдаған: Қарағандыда құрылыс компаниясының басшысы сотталды
Фото: depositphotos.com
Қарағандыда құрылыс компаниясының басшысы 50-ден астам үлескерлерді алдағаны және 1,8 млрд теңгеден астам залал келтіргені үшін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соттың хабарлауынша, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында құрылыс компаниясының басшысына қатысты алаяқтық ісі қаралды.
Қойылған айыптауларға сәйкес, құрылыс компаниясының басшысы үлескерлердің қаражаты есебінен құрылыс жүргізуге уәкілетті органның рұқсатынсыз, құрылысқа қажетті қаржылық мүмкіндігі жоқ бола тұра, "Алтын" тұрғын үй кешенін салу үшін 51 азаматтан ақша тартып, құрылысты бастамаған және азаматтарға 800 миллион теңгеден астам залал келтірген.
"Сондай-ақ, салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатамын деген сылтаумен 5 азаматты алдап, олардың ақшасын алып, уәде етілген пәтерді бермеген, әрі қаражатты қайтармаған. Бұдан бөлек, жаңа тұрғын үй кешенін салу және оның жобасына инвестиция құю сылтауымен 1 миллиард теңге қаражатты иемденген", – деп анықтады сот.
Сотта анықталғандай, Т есімді азамат 2020 жылдан бері құрылыс компаниясын басқарып, Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс аймағында бірнеше үйдің құрылысын жүргізген.
Іс материалдары бойынша, 2022 жылы ол азаматтарды заңсыз үлескер ретінде тартып, тұрғын үй кешенін салу үшін 847 миллион теңге алған. Алайда тұрғын үй кешені заңсыз басталған, кейін сот шешімімен бұзылған.
"Алайда тұрғын үй кешені заңсыз салынып, сот шешімімен бұзылған, осыдан кейін ол басқа тұрғын үй кешенін салып беруге міндеттелгенімен, өз уәдесін орындамаған, ал 51 жәбірленушінің талабына сәйкес ақшаны қайтармаған. Сонымен қатар, 22 үйді салу және оның жобасына инвестиция тарту сылтаумен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы 1 миллиард теңге ақшаны иемденген", – деп нақтылады сот.
Бұған қоса, 5 азаматтан түрлі тұрғын үй кешендерінен пәтер сататынын айтып ақша алып, өз міндеттемесін орындамаған және ақшаны қайтармаған.
Прокурор айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Зардап шегушілер қатаң жаза қолдануды талап еткен.
Сот қорғаушы тараптың іс бойынша дәлелдерге келіспегенін, айыпталушы кінәсін мойындамағанын және оны ақтауды сұрағанын хабарлады.
Қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін жайт ретінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді. Қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін жайттар анықталмаған.
Сот үкімімен құрылыс компаниясының басшысы кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Зардап шегушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылып, кінәлі тұлға барлық келтірілген зиянды өтеді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
