5 миллион теңге ұсынды: Түркістан облысында шенеунік журналисті өлтіруге тапсырыс берген
Түркістан облысының полиция департаменті журналистке жасалған қастандықтың бетін ашты. Анықталғандай, Сарыағаш ауданында шенеуніктің тілшіні өлтіруге тапсырыс бергені анықталды. Сол үшін қылмыскерлерге 5 000 000 теңге берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде 2022 жылы 3 қаңтарда Түркістан облысының Сарыағаш ауданында танымал журналистің үйіне шабуыл жасалғаны, оқиға кезінде оның ұлы жараланғаны туралы айтылған болатын.
Сол күні полиция қызметкерлері бұл жайтты аудандық полиция бөлімінде тіркеп, ҚР ҚК 24-99-баптары "адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков қылмыс туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
"Белгісіз біреулер журналистің үйіне автокөлікпен барып, терезеден оқ атып, қашып кеткен. Нәтижесінде үй иесінің ұлы жарақат алған. Қылмысты ашуда біз бірқатар нұсқаны негізге алдық, оның бірі – журналистің кәсіби қызметіне байланысты осы қылмыстың жасалуы мүмкін екені. Кейіннен дәл осы нұсқамыз расталды. Бұл қылмысты ізін суытпай ашуда оқиға орын алған уақытта куәләрдің болмауы да өзіндік қиындық туғызды”, – дейді ол.
Десе де жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы оқиғаға қатысы бар Шымкент қаласының екі жас тұрғыны тұрғылықты жері бойынша ұсталған.
“Олар оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен. Содан кейін полиция қызметкерлері делдалдар мен қылмысты тапсырыс берушілерге шықты. Бүгінгі таңда біз осы қылмысқа қатысы бар 5 күдіктіні ұстадық. Заттай айғақ ретінде олардан ВАЗ (2107/21110) маркалы 2 автокөлік тәркіленді. Қылмысты орындаушылар бұл автокөліктерді қылмысты жасағандары үшін алған ақшаға сатып алған. Сондай-ақ олардан 16 калибрлі патрондар алынды”, – дейді ол.
Осылайша Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, яғни шенеуніктің осы қылмысқа тапсырыс бергені анықталды. Ол журналистің өмірін 5 000 000 теңгеге бағалаған.
Орындаушылар іздерін жасыру мақсатында тапсырысты орындап, Сарыағаш ауданынан Шардараға, содан соң Арыс арқылы Шымкентке жеткен.
“Қазір тергеу тобы тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Осы қылмыстық іс аясында қажетті процессуалдық әрекеттер іске асырылуда. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстың себептері мен барлық мән-жайлары анықталатын болады. Сот оларды қамауға алуға санкция беріп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп қорытындылады департамент бастығы Дәлбеков.
Бұған дейін БАҚ-та "Сарыағаш-информ" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековтің үйіне шабуыл жасалып, әлдекімдер ұлын атып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.