Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 метр жерді қазып тастаған": Түркістан облысында мал орға түсіп өліп жатыр

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Нысанбек ауылының тұрғындарын тыңдар құлақ табылмай тұр. Ашынған жұрт жайылымға кеткен малының 6 айдан бері орға түсіп өліп жатқанын айтады. Бәріне жайылым маңындағы жерді жекелендіріп алған кәсіпкер кінәлі дейді. Сөздерінше, 30 гектар жерді иемденіп алған ауыл тұрғыны оған мал өтпеу үшін айналасын түгелдей қазып, орға айналдырған. Ал оған жақындаған мал аман шықпайтынын жеткізді. 

“27 гектардың барлығын ешкімнің рұқсатынсыз ор қылып қазып тастаған. Көлемі 2 метр. Топырағы 2 метр. Барлығы 5 метр жерді қазып тастаған. Ал, оған жақындаған мал ит-құс қуып, орға түсіп өліп жатыр” , дейді ауыл биі Әбсейіт Жұмашев. 

Шырылдаған жұрт жанайқайын айтып, кадастр бөліміне де барыпты. Ондағылар кәсіпкер иемденген жердің дұрыс бөлінбегенін айтып, тіпті айды аспанға бір-ақ шығарған. Қала берді өзге тұрғындар үлесіндегі жер кәсіпкер қоршап алған аумақта қалған. Ал, ол үшін жұрт салық төлеп отырғанын айтады. 

“ Білгеніміздей жеріміздің біршамасын кәсіпкер қоршап алған. Ал, біз ол үшін салық төлеп отырмыз ғой. Депутат туысы бар екен деп бұлай заңды белшесінен басқан дұрыс емес қой?! Қарапайым халық құқығы қайда қалды сонда? Арызды біз ауылдың әкімшілігіне тастадық. Аудан әкімшілігіне тастадық, облыстық прокуратураға тастадық. Айналып-айналып келіп осы жерге келіп тіреледі болды. Учаскелік инспекторға айналып келе береді” , дейді ауыл тұрғыны Ерғали Мұсаев. 

Ақымызды жеп отыр деген жұрт ауыл маңындағы ағаштардың да құрбанған айналғанын айтады. Өйткені, ор қазған кәсіпкер 50 жылдан бері келе жатқан қараағаштарды да қопарып тастапты. Олардың саны 250-ден асып жығылады. Ал, бұған жауаптылар араша түсе алар емес. Себебі, екі рет айыппұл төлеген кәсіпкер енді әкімліктегілердің өздерін кіналап отыр. 

"Заңбұзушылықтың орны жойылмағандықтан, біз өзіміздің тараптан сотқа шағымдандық. Сот процесі енді болады. Өзімізден барып, бұзып тастай алмаймыз. Немесе басқа істей алмаймыз. Мәжбүрлеп орнату бойынша сотқа шағымданамыз. Соттың шешімі шығып, соттың несімен қалпына келтірілуі керек" , дейді Түркістан облысы, Төлеби аудаеы әкімдігі аппараты заң бөлімінің бас инспекторы Қайсар Ақылбеков. 

Жерін мал өткізбеу үшін ор қазып, жұртты зар жылатып отырған кәсіпкер болса кінәм жоқ дейді. Орды жалғыз мен қазбадым деген жігіт ағасы оны кадастр бөлімі жерімді заңдастырған күні ғана қалпына келтіремін дейді. 

"Енді көміп тастаймын мен оны. Әңгімесі жоқ. Сеткамен қайта қоршаймын да. Бірақ мен соны қайта қоршау үшін кадастр бөлімі мен соттағы судья жерімді қайта бекітіп берсін" Абай Пірәлиев.

Талқылау