Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 күнде 50 миллион теңге табады": Вайнер - кәсіп пе, әлде уақытты босқа өткізу ме?

Қазіргі кезде үйінде отырып-ақ ақша табатын жастардың саны көбейді. Осыға байланысты кішкентай ұл-қыздар  бұрынғыдай  ұстаз я дәрігер емес, инстаграмдағы аға-әпкелері сияқты вайнер болуды армандап жүр. Жаңа мамандықтың жағымсыз тұстары жайлы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеп хабарлайды. 

вайнеры

Сурет: almaty.tv сайтынан

Елордалық Сидековтер әулеті 6 баласымен мынадай қуықтай бөлмені паналауға мәжбүр. Өйткені басқа үйге көшейін десе, тапқан- таянғандары ішіп-жемдерінен артылмайды. Отанасы Әлия  бұрын балақшада тәрбиеші боп істеген. Қазір декретте. Ал күйеуі құрылыста, бала-шағаның қамымен күн-түн демей жұмыста жүр.  Бірақ сонда да, бар тапқаны 80 мың теңгенің ар жақ, бер жағы ғана. Жартысы бірден үй ақысына кетеді, ал қалған  соммаға 8 адам ай бойы жан бағады. Жығылғанға жұдырық боп,  баспана кезегі де жылжымайды.

"Енді 2016-да мына қызды босанғанда тұрғанмын. Не үшін шығарып тастағандарын білмеймін бірақ. Осындай жағдайлар болады деп сол жерде түсіндірдідағыны, қайтадан 2017-де документ тапсырып, 17-ге түсіп қалдым, бір жыл жоғалттым" , - дейді көпбалалы ана Әлия Сидекова.

Елімізде мұндай отбасылар ондап емес, жүздеп, тіпті мыңдап саналады.  Содан болса керек, қазіргінің жастары аға-буын өкілдері сияқты бейнеті басым, зейнеті шамалы кәсіпке жүгіргісі келмейді.  Жаңа жолдар іздеп жатыр.

Қазір байқасаңыз,  екінің бірі  тик-токта видео жариялап, арзан вайн түсіріп, инста-блог жүргізіп кеткен. Бәрі аудитория жинап,  атақты, танымал болуға талпынып жүр. 

"Егер де блогер болсаңыз, магазиніңіз болса, интернет магазиніңіз болса немесе жай ғана подписчик жинағыңыз келсе, менің гивіме қатысуды ұмытпаңыздар", - деп жазыпты блогер gulviraibraeva.

Небір миллиондардың төресін, блогерлердің байқауларынан көресің.  «Подписки бөлімімдегі 99 досыма тіркел де, су жаңа көлікті ұтып ал». Инста-жұлдыздардың өздері жазылған достарын былай деп жарнамалап жатқандарын сіз де естіген боларсыз?  Бұлар  блогерлердің байқауларын  бастан-аяқ қаржыландарып берген демеушілер. Оларға оқырман, сізге сыйлық, ал вайнерлерге ақша керек.

"Достар бұрын-соңды болмаған отбасылық алғашқы мега байқауымызды ашық деп жариялаймыз. Бұл жолғы басты жүлде өзімнің алғашқы тұлпарым порж каенді тегіннен-тегін сіздердің араларыңызда бір адамға сыйлайтын боламын", - тағы бір блогер elshinzhanerke.

Алайда  блогерлердің байқау өткізіп, жаңа көлік, қаланың қақ ортасында су жаңа баспана алдым деп мақтанатындай  бір конкурстан қандай пайдаға кенеледі сонда?   Болашақ демеушісінің рөліне кіріп, бір-екеуіне телефон арқылы хабарластық.  

100 демеушінің әрқайсысы 500 мыңнан құйса, жалпы соммасы 50 миллион теңге шығады. Мейлі, осы қаржының әрі кетсе 10 процентіне сыйлық алатын шығар, ал қалғаны қалтасына кетеді.  Сонда  бірнеше күнде 40 млн-ға дейін таза табыс таба алады. Айтпақшы бұған салық та төлемейді.  Ал мемлекеттік органдар да мұндай байқаулардың ауқымдылығы  жөнінде білмейтін тәрізді. Үйдегі ұл-қыздардың желіде жұлдыз болғысы кеп, түрлі контент түсіріп кеткендері де осыдан болар. Салдарынан, аға буын өкілдері  дабыл қағып кетті. Екінің бірі вайнер болуды армандаса,  болашақта қажетті мамандарға зәру болып қалмаймыз ба?  

"Қазір қорқыныш туындап жатыр. Болашақта бәрі егер вайнер, блогер болатын болса, бізде басқа мамандықтар тапшы болып қалуы мүмкін. Дәрігер, мұғалім деген сияқты. Кәсіби  бағдар болу керек. Сол кезде егер де мектепте, ата-аналары балаларымен кәсіби бағдар бойынша жұмыс істейтін болса ондай мәселе болмайды деп ойлаймын" , - деді әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова.

Бұл ретте,  мамандар  жұрттың әлеуметтік желіден жалығатын күні де алыс емес дейді. Сондықтан парақша жүргізіп, аудитория қуалап жүргендердің дәурені  де өтеді. Ал арзан атақ абырой емес, пайда әкелмес, адал еңбекпен тапқан ақшаға да тең келмес.  Осыны естен шығармаған абзал.

Талқылау