Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

45 жастағы қыз: Ең қиыны әрі қорқыныштысы жалғыз қалу екен

Оң босағада отырып қалған қыздар соңғы жылдары қоғам тарапынан өздерін түртпектеу көбейіп кеткеніне ызалы. Себебі, олар да ешқашан «Кәрі қыз» атануды қаламаған. Өмірдің ағысымен осындай жағдайға түскендердің түрлі себебі бар.

қыз1

Stan.kz тілшісі оң босағада отырып қалған қыздармен сөйлесіп, олардың басындағы мәселені тыңдап көрген еді.

Аружан жасы жиырмаға жақындаған кезде тұрмысқа шығуға лайықты жігітті кездестірген. Яғни, өзінің көңілінен шығатын адамын тапқан. Алайда, екеуінің екі бөлек кетуіне тура келіпті. Бойжеткеннің сөзінше олардың бірге болуына екі түрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасылары кедергі болған. Аружанның әңгімесінен өткеніне өкініші бардай көрінді.

«Ең бастысы, бұл өмірде нағыз махаббатты кездестіру деп жатады. Іс жүзінде олай емес. Өмірімде нағыз махаббат болды. Көңіл жарастырып, біраз жылдарды бірге өткіздік. Болашақ жарым екеніне кәміл сендім. Ол да солай ойлады.

Алайда, шешуші сәтке келгенде, бәрі астан-кестен болды. Менің ата-анам оның ата-анасымен танысып, құдаласу жайлы келіссөз жүргізе бастағаннан бәрі өзгерді. Олармен танысқан соң, жігітіме тұрмысқа шығуыма ата-анам үзілді-кесілді қарсы болды. Жігітімді жақсы көргендіктен, оның үй-жайын тексеру ойыма келмепті. «Олардың деңгейі әлдеқайда төмен екенін» айтып, жақындарым жан-жақтан қаумалады.

Бір-бірімізге бауыр басып қалсақ та, екі жаққа кетуге тура келді. Ол жігіт араға біраз уақыт салып, үйленіп алды. Ал мен әлеуеті өзіме сай келетін жігітті әлі кездестірмедім. Кездестірсем де, олардың болашақ жарына деген талаптары тым жоғары.

Қазіргінің жігіттері өздерінің әлеуетін әйелінің арқасында түзетуді мақсат етеді, дәл мен секілді»,-дейді жасы отыздан асқан Аружан.

қыз

Аружан туған әпкесі өзінен 6 жас кішкентай жігітке тұрмысқа шыққалы жатқанын айтып қалды. Оның сөзінше, жас жігіттің көздегені – әпкесінің үш пәтері мен екі көлігі.

« Отбасымызда екі қызбыз. Ата-анам жиен болса да немере сүйсе екен деймін. Тіпті жас жездеміздің алдағы уақытта әпкемді жылатып кетуі мүмкін екенін де сезем. Бірақ, амалым жоқ. Орталарына түскім келмейді. Не болса да әпкемнің маңдайына жазылғаны болар.

Өзім де соңғы жылдары менімен танысып, сөйлескісі келетін жігіттердің қатары сиреп жатқанын байқаймын. Уақыт өткен сайын түрімнен жасымның үлкен екені де көрінеді. Сондықтан ертерек өзімді сүйетін жанды кездестірсем екен.

Ал, жас қыздарға айтарым, өмір сүруге икемді, пысық, мінезі жайлы, бастысы өзіңізді сүйетін жігітті кездестірген сәтте тұрмысқа шығуға асығыңыз»,-дейді Аружан.

Тағы бір кейіпкеріміз Әйгерім. Оның жасы биыл 30-ға толады. Көркіне көз тоймайды – үріп ауызға салғандай. Жаңа гүл ашқан 18 жасар қыздай, қуыршақ кейпінен таймаған. Бітімшіл, үй шаруасына келгенде, мін таға алмайсың. Кез-келген ер-азаматтың арманындағы ару секілді.

Ол – үйінің жалғыз қызы. Әкесі араққа салынып кеткен соң, бірнеше жерде жұмыс істеп, анасы мен інісін өзі сүйреп жүр. Қазақстанда өз бақытын кездестіре алмаған ол бір жыл бұрын шетелге көшіп кеткен.

«Жолымда қаншама жігіттер кездесті.Алайда, жөн сұраса келе, жоғалып кетеді, болмаса ойы бұзылады. Жасырмаймын, көңіл жарастырып, жұп болып жүрген бір емес, үш жігітім болған. Үшеуінде де енді серігімді кездестірдім деп ойладым. Алайда, олар кейіннен үйлену ойынан айнып шығады.

Бар болғаны, «бір-бірімізге сай емеспіз» дейтін. Соңынан қалмай, себебін сұрай бергенде ғана шындықты жайып салатын. «Ата-анам қарсы», «иә, сезім болды, бірақ үйлену үшін маған жақсы жерден шыққан қыз керек» деген сөзді екі рет естідім»,-дейді Әйгерім.

Әйгерім өзіне анасымен інісіне үнемі қамқор болуына тыйым салмайтын отбасыны іздегенін де жасырмайды.

«Анам зейнет жасына жақындаған. Інім болса әлі студент. Әкемнің оларға көмектесуге жағдайы жоқ. Ол кісі мүмкін болса зиянын тигізбей, аулақ жүрсе екен деп тілеймін. Енді ол екеуіне мен көмектеспесем болмайды. Сондықтан болашақ күйеуіме қоятын жалғыз талабым осындай болмақ»,-дейді бойжеткен.

Ал тағы бір кейіпкеріміздің жағдайы отырған қыздан асып, жалғыздыққа жалғасқан. Ботакөз есімді қыз қазір 45 жаста.

«Анам өмірден ерте қайтты. Ізімнен ерген 7 бауырым болды. Әкем үйленіп, екінші отбасының қамымен кетті. Ең кішкентай інімнің өзі 1989 жылғы. Оның қазір үш баласы бар. Барлық інілерім мен екі сіңлім үйлі-жайлы болып кетті. Өзім 30 жастан асқан кезде тұрмысқа шыққым келді»,-дейді Ботакөз.

30 жастан асқан әйел теңім деп ажырасқан ер азаматқа тұрмысқа шықпақшы да болған.
«Арамызға адамдар түсіп бізді таныстырды. Содан ажырасқан кісімен танысып, сөйлесіп көрдім. Сөзің ыңғайына қарап, оның бірінші некеден қалған балаларын жеткізуді қаламадым.

Себебі, өзімдегі 7 бауырымның төртеуі сол кезде бойдақ болатын. Кейіннен өзім де ол кісінің бағын байламайын деген шешім қабылдап, жағдайды түсіндірдім. Мен бауырларыма әке орнына- әке, ана орнына-ана екенімді, жауапкершілікті мойныма алғанымды ашық айттым.Содан, тым құрыса үйленбей жүріп қалған ер азамат кездесер деп, тұрмысқа шығудан бас тарттым»,-дейді Ботакөз.

Ботакөз ең кішкентай інісін үйлендіргеннен кейін қалаға жұмыс істеуге кеткен.Содан бері Шымкентте жұмыс істеп, пәтер жалдап тұрып жатыр екен.

«Мен ауылға оралғанмен не істеймін деп ойладым. Бауырларыммен алыстан, тәтті қарым-қатынаста болайын. Олардың өз отбасылары бар. Мүмкін әлі де болса өзіме күйеу тауып, балалы болып кетермін. Бірақ, қартайып та қалдық.

Кәрі қызға қай бір жетіскен ер азамат ұсыныс жасайды дейсіз? Бұйырғаны болар, үмітімді үзбеймін. Кейде ауырып қалсам қорқып кетемін.

Осылайша әйел бақытын көрмей өмірден өтіп кетемін бе деп алаңдаймын.Кейде бір бауырымның қызын асырап алайын ба деген ой болады. Бірақ, қалада не үйім жоқ, одан қалса бала ата-анасының қасында болғаны дұрыс қой »,-дейді Ботакөз.

Оқи отырыңыз:

Белгілі модель Шымкентке келін болған азапты жылдары жайлы ашық айтты (фото)

Айқын мен Жұлдыздың үйленуіне орай әріптестері өз ойларын ашық айтты

Төреғали Төреәлінің не себепті тойларға оққағармен баратыны белгілі болды (фото,видео)

Қызылорда облысындағы ең сымбатты бес шенеунік (фото)

Елімізде соғыс ардагерлеріне жарты миллион теңгеден таратылмақ

Астаналықтар көлік кептелісін болдырмау үшін жұмысқа бір жарым сағатқа ерте бармақ

Талқылау