Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

4,5 млн теңгеге кітабымды рұқсатсыз сатқан: Түркістан облысында тест нұсқаулығының авторы білім бөлімімен соттасты

Түркістан облысында ҰБТ тест нұсқаулығының авторы білім бөлімінің қызметкерлерін сотқа берді. Оның айтуынша, бірнеше сарапшылар оның жұмысын пайдаланып, мұғалімдер мен ата-аналарды кітап сатып алуға мәжбүрлеп, 4,5 миллион теңге пайда тапқан.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Гүлзада Оразова тест нұсқаулығының авторы. Ол Сарыағаш аудандық білім беру бөліміне танысу үшін 8 кітапша бергенін айтады. Ал, бір айдан соң кітаптарды мектептерде сатып жатқанын білген. Авторлық құқығымды бұзды деп кейін сотқа жүгінді. Оның айтуынша, өзгелер кітаптан 4,5 млн теңге табыс тапқан. 

"Маған Ахметов кітаптардың Шымкентте басып шығарылғанын айтты. Сарыағашта қымбат екенін айтты. Менің рұқсатымсыз кітапты шығарғанына ренжідім. Бір кітапты 4 мың теңгеден сатқан", - деді Оразова. 

Айтуынша, аудандағы барлық 124 мектепке кітап сатып алуға мәжбүрлеген. Оның сөзін мектеп директорының бірі расады. 2017-2018 жылы мәжбүрлі түрде кітап сатып алғандарын айтты. Кітапты мектеп түлектеріне сатуға күштеп мәжбүр еткен. Талапты орындамаса, демалысқа шықпайтындарын айтыпты. 

"Аудандық білім бөлімі жиналысқа шақырды. Кітаптарды ұсынды. Біз оны ата-аналарға саттық. Әр ата-ана 1700 теңгеден берді. 40 мың теңгеге жуық ақшаны білім бөліміне апарып бердік", - деді мектеп директоры. 

Білім бөлімінің методикалық кабинетінің қызметкерлері пікір беруден бас тартты. Түркістан облысының білім беру бөлімі де сот шешімі шыққанған дейін пікір бермейтіндерін айтты. 

Талқылау