Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"4,5 мың волонтер": Қарағанды облысында эко-волонтерлік белсенді даму үстінде

Волонтерлік-халықтың шынайы болмысы. Осы ұстанымды ұран еткен Қарағанды жастарының әлеуметтік жауапкершілігі мен қайырымдылық істері қарқынды дамып келеді. Әсіресе, облыста эко-волонтерлік белсенді даму үстінде. Бүгінгі күні облыста 73 волонтерлік ұйым мен топ жұмыс істейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Propostuplenie.ru

Бүгінде аймақта волонтерлік қозғалысты дамыту бойынша кешенді шаралар жақсы жолға қойылған. Еріктілерді жалпы үйлестіруді және ресурстық қолдауды қамтамасыз ететін аймақтық волонтерлік фронт-офисі бар.

Облыстық жастар ресурстық орталығының мәліметінше қазіргі уақытта облыста 73 волонтерлік ұйым мен топ жұмыс істейді, олардың қызметіне 4,5 мыңға жуық облыс тұрғындары, негізінен, жастар тартылған.

"Департамент қалаған аймақтарда волонтерлерді тіркеу мүмкіндігі бар Telegram ботын іске қосты. 2021 жылдан бері Telegram ботында 5 сала бойынша 450 волонтер және 68 волонтерлік ұйым тіркелді. Өздері тұратын аймақтардағы волонтерлердің кері байланысы жастар ресурстық орталықтары арқылы жүзеге асырылады",-  деп мәлімдеді  облыстық жастар ресурстық орталығы.

Өткен жылы Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы қаржы көлемі 5 млн.теңге болатын "Еріктілер фронт-офисінің қызметін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар кешені" жобасын сәтті жүзеге асырды. Аталған жоба шеңберінде Қарқаралы ауданында екі күндік "VolUnity - 2022" форумы, сондай-ақ қортынды волонтерлар форумы кең көлемде аталып өтті. Осы іс-шара барысында жақсылық жасап жарысып, қайырымді істің басы-қасында жүрген ерікті жастар назардан тыс қалмай, лайықты марапатқа ие болды. 

Игі істердің қатары мұнымен бітпейді. Мәселен, облыста волонтерлік ұйымдар арасында да тартысқа толы байқаулар ұйымдастырылды. Жалпы грант қоры 2 500 000 теңгені құрады. Биыл грант қоры 1 миллион теңгеге ұлғайтылды.

Жоғарыда атап өткеніміздей облыстағы қайырымдылық және әлеуметтік волонтерлік жақсы жолға қойылған. Тіпті, кейбір волонтерлік бастамаларға бизнес қауымдастықтарының қолдау көрсетуі де дәстүрге айналған. Мысалы, "Игі істер марафоны" жалпыұлттық жобасы шеңберінде "Қайырымды ұрпақ" облыстық қайырымдылық акциясы өткізіліп, оның барысында 258 балаға жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам көмек көрсетілген. Биылдың өзінде 54 балаға 2,5 миллион теңгеге жуық көмек көрсетілді.

"Ағымдағы жылдың ақпан айында аймақтық фронт-офис бауырлас ел Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмекті жедел жинауды ұйымдастырды. Еріктілер дер кезінде тауарларды қабылдау, сұрыптау және орау жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде барлығы 2 тоннаға жуық гуманитарлық көмек қоры жиналды. Қосымша қаржы жинау нәтижесінде зардап шеккендерге көмекке 13,5 миллион теңге жіберілді. Осындай жұмыстар облыс аймақтарында да ұйымдастырылды. Қысқа ғана уақыт ішінде осыншалықты көмек қоры бұл жақсы көрсеткіш деп есептейміз,- деп хабарлады облыстық жастар ресурстық орталығы.

Қарағанды облысында эко-волонтерлік саласы да қарқынды дамып, жақсы нәтижелер байқалуда. Биыл  аймақта "Жасыл аймақ" экологиялық акциясыда қолға алынды. Бұған 1053 ерікті тартылып, жалпы саны 22 іс-шара  ұйымдастырған. Ал екінші жартыжылдықта ерікттілер тағы бір игі бастаманы қолға алған. "Киелі табиғат" деп аталатын аймақтық акцияда белсенді жастар экологиялық санасын оятуға бағытталған бейнеконтент жасайды.

Волонтерлік фронт-офис аймақтағы волонтерлік қозғалысты одан әрі жандандыру үшін өзге де маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлып отыр. Мәселен, аймақтағы волонтерлік топтарды біріктіріп өзара тәжірибе алмасуды көздейтін “Offline Day” жобасы бар. Мини-футболдан спорттық турнир, халықаралық волонтерлар күніне арналған қорытынды форум да алдағы уақыттың еншісіндегі маңызды жобалардың бірі. Еріктілер қауымдастығын құру және оны дамыту мақсатында волонтерлер ауылдық аймақтарды да араламақшы. Сонымен қатар, волонтерлік ұйымдар арасындағы гранттық байқау жалғасын табады. Оның аясында әрқайсысына 500 мың теңгеден 7 шағын грант ойнату мақсаты тұр.
 

Талқылау