43 жастағы мүгедектің әкесі: Ұлымның дәретханаға өзі барғанын бір көруді армандаймын
Ата-анасы ұлдары 7 жасқа келген кезде, оның сал ауруына шалдыққанын білген. Содан бері ұлдарына қарайлап келеді екен. Отандық бағдарламада Несіпбай Төлегенов мырза ұлының дәретханаға өз бетімен барып-келуін аңсап жүргенін айтып, дәрігерлерден көмек сұрады.
Бұл туралы “Пендеміз ғой” бағдарламасында айтылды.
Сал ауруына шалдыққан Дос мырзаның өзі өміріне көңілі толатынын айтып жатыр. Бір кездері сарбаз киімін тастамай киіп жүріп әйелінің жүрегін жаулап алған екен. “Отбасым 7 жасымнан бастап түрлі жерге апарып емдетіп жүр. Сабақты да үйде жатып оқыдым. Қазір, құдайға шүкір, жұмыс істеп, бала-шағамды асырап отырмын. Екі қыз, бір ұлым бар. Мүгедек болған соң сөзсіз қиындық көресің. Әдетте таңертең шеберханама кіріп, кешкі уақытта ғана шығамын”, – дейді Дос Төлегенов.
Әкесі ұлының ерекше қасиеттері туралы айтып мақтанды. Бүгінде Дос мырза дойбы мен шахматтан үздік нәтиже көрсетіп жүр екен. Мұнымен қатар, физика пәніне ерекше ықылас танытып, бүгінде түрлі техниканы жөндей алады.
“Жалпы бес балам бар еді, біреуі шетінеп кетті. Екінші қызым отбасымен бірге Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Кейінгі екі балам ЖОО бітіріп, бүгінде Қарағандыда жұмыс істеп жүр. Барлығының жағдайы жақсы. Тек осы баламның кішкене кемістігі бар. Бұрын Нұра ауданының Кеңжарық ауылында тұрдық. Араламаған ауруханамыз жоқ. Кішкентай балалар бір-бірін бағып өсті. Ал осы ұлымды көпке дейін менің әке-шешем бақты. Өзіміз жұмыста жүрдік. 1980 жылдары орталыққа көшіп келіп, мектепке жағдайымызды түсіндірдік. Мұғалімдер үйге келіп оқытты. Сабақты жақсы оқыды. Әсіресе, физика пәнінен үздік нәтижелер көрсететін. Осыны байқап кемпір екеуіміз оған бір ғана пәнді оқытуды жөн көрдік. Қиыншылықсыз өмір болмайды. Өмірдің өзі күрес емес пе?!
Әрдайым күресу қажет. Ал күресу үшін адам түрлі қиыншылықпен бетпе-бет кездесуі тиіс. Барлығы жақсы болса, күресудің де қажеті болмайды ғой. 43 жасқа толған баламыздың әлі күнге дейін жағдайын жасап келеміз. Медицина мамандары көмектесіп, аяғынан тік тұрғызса деген ниеттеміз. Ольга Шишигина секілді жарыстардан бірінші орын алсын демеймін. Тек дәретханаға өзі барып үйренгенін қалаймын. Басқа ешнәрсе керегі жоқ. Өзегім өртеніп барады. Мұндайды өмірі көрмеген едім. Осы бала мүлдем ауырған емес. Тек буындары ғана істемейді. Дәрігерлер қағаз жүзінде құдайдың алдына апарып тастаған еді. Бүгінде кез келген сұрағыңызға жауап береді. Шахмат, дойбы дегенді керемет ойнайды. Кімді болса да жеңіп кететініне анық көзім жетеді”, – дейді Несіпбай Төлегенов.
Ал Дос мырзаның әйелі Гүлнәр ханым күйеуінің салмақты мінезіне қызыққанын айтады. Екеуі небәрі бір күннің ішінде табысқан екен.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Келіншек бедеулігінен емделгісі келмейтін күйеуі туралы айтып жылады
Шымкенттік қыз жұрттың көзінше анасына опасыздық жасаған әкесін кешіре алмай жүр
Келін сырқаттанған енесіне күтім жасаудан шаршағанын айтып жылады
Келіншек күйеуінің есірткіге әуестігінен қорқып жүргенін айтып жылады