"400-дей адам жұмыссыз қалмақ": ШҚО тұрғындары кен орнының жабылуына қарсылық білдіруде
Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіндегі кен орны осы уақытқа дейін тұрғындарды жұмыспен қамтып, облыс экономикасына әсер етіп тұрды. Дегенмен шахтадан түсер пайда шамалы деп шешкен компания қазір кенішті жабуды мақсат етіп отыр. Тұрғындар бұған түбегейлі қарсы. Stan.kz тілшісі наразы тұрғындармен сөйлесіп, екі тараптың пікірін білді.
Фото: alash.online
Кеніште қазба қоры әлі бар
Белоусовкада тау-кен өндіру ісі осыдан бес жыл бұрын негізгі жұмысын тоқтатты. Ал сондағы жұрт қарбалас тірлік қайта жанданып, жаңа қожайын келсе жағдайды реттейді деп сеніммен күн кешіп келеді. Былтыр үкімет кен орнын әзірлеген "BM Mining" ЖШС-мен келісімшарт үзу туралы шешім шығарып, компанияның тарағанын жөн санаған болатын. Осы мәліметтің жария етілгені сол еді, кент тұрғындары президентке петиция дайындап, жан-жақтан қол қоюды бастап кетті. Құжат Alash.online порталына жүктелді. Бастама көтерген – Елена Китаева есімді тұрғын.
“Белоусовка жұрты күрделі жайтқа тап келді. Мәселе шешімін табуы үшін кен орнын жабу туралы қадам дұрыс саналып жатыр. Солай болғанның өзінде 400-дей адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Тығырықтан шығар жол бар деп ойлаймыз. Біріншіден, жұмысшылар әлі пайдалы қазба қоры бар деп отыр. Геологиялық барлау жұмыстары осыны растайды”, – делінген хатта.
Тұрғындар "BM Mining" ЖШС соңғы уақытта жиі бұзушылықтар жасап жүргендеріне секемденген болатын.
Экология департаменті осы ретте тексеріс жүргізіп, ресми ақпарат ұсынды. Соған сүйенсек, компания қоғамдық тыңдау кезінде кент тұрғындары көрсеткен ескертулерге тұщымды жауап ұсынбады. Кенішті экологияны бұзбай жабудың жолы да көрсетілмеген.
Фото: alash.online
“Аталған серіктестік кен орнын ағынды судың көмегімен жабуды жоспарлады. Су объектілерінің табиғи фонын есепке алмай, зияндылық мөлшері шекті рұқсатты концентрациядан асқаны анықталды. Одан бөлек, шлам (металдарды электролиздеу кезінде қалатын ұнтақ) қалдықтары көлемі ұлғайған. Кенішті жабуды мақсат етсе, адамдардың денсаулығына, экологияға қолайлы нұсқаларды қарастыруды ұсынамыз”, – деді ШҚО Экология департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Кент қаңырап қалуы мүмкін
"BM Mining" ЖШС наурыз айының 27-сі күні Белоусовка жұртына шахтаны суға батырып, бетін толықтай тегістеп беретіндерін айтып көндірген. Әйтсе де тұрғындар кен орнын есептен ерте шығарды дейді. Қор әлі 15 жылға жететін көрінеді. Елена Китаева бұзушылыққа жол беріп қана қоймай, шахтаны жабуды жоспарлаған компания жердің пайдасын көріп, соңында Белоусовка үшін тиімді ешнәрсе ұсынбағандарына наразылық білдірді.
“Басқа нысандарды алсақ, соңында мектеп, аурухана, уақытты қызықты өткізетін орындар салынып жататын. Ал кен орнынан түсетін табыс азайды дегенде бірден жабуды ойлап отыр. Шахта жұмысын тоқтатса, көп адамның көшіп кетуі ғажап емес. Тұтас кент қаңырап қалудың алдында тұр”, – деді ол.
Зейнеткер Михаил Байболатов "Белоусовка шахтасы бұрынырақта кеңес өкіметі бойынша жұмысы озық екі кеніштің бірі болған" деді. Кент тұрғындарын 80 жылдан бері жұмыспен қамтыған. Тағы бір дүние, егер кенішті сумен ағызу арқылы жапса астындағы зиянды қалдықтар бірге араласып, соңы экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Экология департаменті де мұны растады.
Соған сәйкес алдағы уақытта қоғамдық тыңдау қайта өткізіледі.
Әділхан ЕСІМХАНОВ