Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала көтере алмайсың деп күйеуім соққының астына алды": Тараздық үшемнің анасы басынан өткен қиындықтарын айтты

Тараздық үшем Нұриман, Нариман, Нұрисламның анасы Ләйлә Самратбаева - жалғызбасты ана.  Зейнеткер анасымен пәтер жалдап отырған ол президентке де, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа да бірнеше рет хат жазып, баспана мәселесін шешіп беруді өтінген. Алайда бұйымтайы әлі жауапсыз. Stan.kz тілшісі 40 жасында алғаш рет босанып, бірден үшемнің анасы атанған Ләйләмен тілдесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

үшемОқиғасын бала күнінен бастаған Ләйлә Самратбаева басынан өткерген қиын күндері туралы еске алды. 

"Оқушы күнінен бастап, яғни, етеккірім келгеннен бастап, қатты ауырдым. Етеккірім келген сайын жедел жәрдем шақыратынбыз. Дәрігерлер табиғи құбылыс, күйеуге тигенде қойып кетеді деп шығарып салатын. Бірақ жасым ұлғайған сайын үдей түсті. Қатты қиналып, басымды көтере алмай жатып қалып, құсып, адам кейпінен кетіп қалатынмын. Алматыдағы ең жақсы деген мамандарға барып ем қабылдаған кезім де болды. Бірақ еш ем қонған емес", -- дейді ол.

Оқуын бітіріп, жұмысқа тұрған. Ел қатарлы күн кешіп жүргенімен, тұрмысқа шығуға асықпаған. Өйткені барған жерінде ауырып жатқысы келмеген. Әрі ауру әйелді кім алады деген қорқынышы да болғанын жасырмайды. Осылай көп жылдарын өткізіп алған Ләйлә тұрмысқа шығуға түрткі болған жағдайды айтты. 



"Оқуымды бітірген соң кәсіптік лицейде жұмыс істеп жүрдім. Бір түсінгенім, қыз отыздан асқан соң жасы үлкен еркектер тиісе береді екен. Қайда барсам да басымның бос екенін, әлі тұрмысқа шықпағанымды естіп, бастықтар тиісіп, түртпектей бастады. Содан кейін не болса да тұрмысқа шығайын дедім. Оған дейін өзімді емдейін деп денсаулығымды қолға алдым. Дәрігерлер жатырда жара барын айтты. Тұрмыс құру керек деп кеңес бергендері болды", - деген ол жақын маңнан өзіне жар болатын адам іздей бастаған. 

Болашақ күйеуіммен сөйлесіп, бір-бірін түсінгендей болған олар отау құрған. 

Бір 40-қа таяған шағында тұрмысқа шыққан ол ауруымен бірге қабылдай қоймады дейді. Тіпті ауруы белең алып бара жатқан соң жыл өтпей ажырасуға бел буған. Бала көтере алмайсың деп күйеуі соққының астына алған кездері де болған екен. 

"Содан тұрмысқа шықпай тұрып та, денсаулығымды реттеуге кірістім, шыққан соң да жалғастырдым. Олар жатырдағы кесел асқынғаны сонша жара болып кеткенін айтты. Мен алып тастауын өтіндім. Дәрігер жараны алып тастаса жатырымда тесік пайда болып, жарамсыз болып қалатынын ескертті. Осыдан кейін анам мені бір емші орыс әйелге алып барды. Ол маған шөп дәрілер беріп, ішуді тапсырды. Оны тұрмысқа шыққан соң да ішіп жүрдім. 

Бірақ осы қиын кезде күйеуімнен қолдау таппадым. Ішіп жатқан дәрілерімді, шөптерімді лақтырып былапыт сөздер айтып, ұра бастады. Әке-шешең осы уақытқа дейін емдетпей ме деп ауыр-ауыр сөздер айтты. Содан кейін бұлай тұрмысқа шықпай-ақ қойдым деп, күйеуімнен кеттім. Біреудің үйінде ауырып жатсаң ешкім жақтырмайды", - дейді Ләйлә. 

Осы екі аралықта әкесінен айырылып қалған. Бұдан кейін күйеуге шықпаспын деп өзіне уәде берген көрінеді. Тек өзінің денсаулығын жақсартуды ойлаған. Орыс әйел берген шөп дәріні қабылдауды тоқтатпапты. Бір күні анасы Кореядан келген дәрігерлерге қаралуға алып барған көрінеді. Олардың айтқандарын естіп таңғалғанын жасырмайды. Балиғатқа толғаннан көрген азапты ауруы ізім-ғайым жоқ болғанын айтыпты. 

"Маған онкология деген диагноз қойылған деген кезде күлгендей болды. Олар маған ешқандай ісіктің жоқ екенін айтты. Тағы қандай сұрақтарыңыз бар дегенде жасымға 40-қа таяғанын, екіқабат бола аламын ба деп сұрадым.  Олар ештеме кедергі емес деп, шығарып салды. Таңғалдым. Олар не ішіп жүргенімді сұрады. Бұған дейін жасаған УЗИ-дің қорытындысы мен жаңадан түсірген екі нәтижені салыстырғанда рактың жоғалғанын көрсетті. Осы уақытқа дейін қабылдап келген дәріні қайта іше бер деп кеңес айтты", - дейді ол.

Дәрігердің айтуымен балалы болуды көздеген Ләйлә жаңа таныстық іздеген. 4 баласы бар әйелі қайтқан кісіні жолықтырып, бір-бірінің мұңын түсінгендей болған. Біраз уақыт сөйлесіп жақындасуға бел байлаған.  

"Сөйтіп бір жақындасқаннан-ақ көтердім", - дейді ол. 

Дегенмен балалардың әкесі Ләйләні жарты жолда тастап кеткен. Ал жүктілік кезеңі де оңай өтпегенін айтады. Жығылғанға жұдырық болғандай, перзентхана дәрігерлері де "қысым" көрсеткенге ұқсайды.  

"Жүкті болған соң үшем екенін білдім. Бұл жаңалықты жүкті болған сол кезде сөйлесіп, бірге тұрып жүрген адамға айттым. Ол осы жаңалықты естіген соң "сені сүймейтін сияқтымын" деді де кетіп қалды. Осыдан кейін өзімді тез жиып алдым, неге де болса дайын тұруым керек екенін біліп, жыламаймын деп өзімді қайрадым.

үшем

40 жасымда тас құрсағымды кеңітіп алғаш босандым. Жүктілік кезінде бес айға жуық ауруханада болдым. 4-5 айымда суым кете бастады. Дәрігерлер бұл не деп өздері таңқалды. Бірақ жатырда су бар, балалар еркін қимылдап жатыр.

Маған перзентханадағы дәрігерлер аборт жаса деп үгіттеді. Бір медбике біздің палатаға келіп, қолын шошаңдатып: "Сен өлесің, 40 жасыңда қалай туасың? Күйеуің де тастап кеткен. Баланы не қыласың, қәні, баладан тезірек құтыл" деген сынды сөздер айтты, қатты дөрекілік қатыгездік көрсетті", - дейді ашуға булығып әйел.

Ләйлә ауруханада жатқан кезінде "өліп қалсам туысқандарым дауламайды деген қолхатты үш рет жазып бердім" дейді. Аман-есен босанып алған соң әкімдіктен көмек көрсетуін сұрауға да дәрігрелер мүмкіндік бермегенге ұқсайды. 

"Балаларымды жеті айлығында босандым. Олар арнайы аппараттарда жатты. Түрін көрсеңіз көкбақа, шошисыз. Әйтеуір уақыт өте келе адам болды. Перзентханада түрлі тағдырды көресің. Тіпті, шала бала туғаны үшін әйелін сабаған күйеуді көрдім. Бай-бағланның әйелдері қалай қалжаланып жатқанын көрдім. Менде ондай болмады. Тек жалғыз-ақ мақсатым балаларымды бағатын өсіріп жетілдіретін баспаналы болуды ойладым.

Ауруханада жатқан кезде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Балаларымды тамақтандырып жатқанда кіріп келді. Сол кезде жалғызбасты екенімді айтуға, үшемді бір өзім асырап жеткізе алмайтынымды, баспанамен қамтамасыз етуді өтінуіме мүмкіндік болды. Бірақ дәрігер аузымды ашқызбады. Тіпті әкім маған сұрақ қойса, өзі жауап беріп, алдымды орай берді. Содан айта алмай қалдым", - деген ол биліктегілердің көмегі керек екенін жасырмайды.

Келіншек үш баланың қажеттіліктерін өтеу анасы екеуіне оңайға тимейтінін айтады. Қазіргі басты мақсаты - баспаналы болу. 

"Үшемдерге баспана беру заңда жоқ екен. Бірақ бұл мәселені шешу әкімнің құзырында. Бұған дейін де Тараз қаласында әкімнің үшемге баспана берген жағдайы болған екен. Әкімге де, президентке де тоқтаусыз хат жазып жатырмын. Бірақ әлі еш нәтиже жоқ", - дейді ол. 

 

Тараздық тұрғын, үшемнің анасы Самратбаева Ләйләға көмек қолын созамын деуші жаны жомарт, қолы ашық жандар үшін реквизиттерді ұсынамыз: 

Каспи Gold нөмірі: 

+77774632463 - Талгарбаева Шолпан

 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

STAN.KZ
Сәрсенбі, 27 Қаңтар, 2021 14:00
Талқылау
Пікір
770503
20 Мау, 21 жыл - 18:27

Дарігерлер сіз үшін Б.Сапарбаевқа жауап берүге қандай хақы бар!Тек қана баламен ананың денсаулығы үшін ғана жауапты!Ал сіз Алладан келген мүмкіндікті жібеиіп алыпсыз!

Никнейм
21 Нау, 21 жыл - 17:13

Неткен қатыгез даригерлер,қырық жасыңда олесин деген медбике