"40 мыңға жуық тұрғын жағымсыз иіске тұншығып отыр": Депутат Исабеков Шымкенттің кәріз жүйесін сынға алды
Мәжілістің жалпы отырысында "AMANAT" фракциясының мүшесі Данабек Исабеков Шымкент қаласының кәріз жүйесін сынады. Оның айтуынша, мегаполистегі қазіргі кәріз жүйесі қала тұрғындарына толық қызмет етуге қуаты жетпейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі / видеодан скриншот
Депутат 1,5 миллион тұрғыны бар Шымкентте кәріз тазарту ғимараты әрі кетсе 700 мың тұрғынды қамтуға ғана қауқарлы. Бұл ғимараттың өзі кеңес үкіметі тұсында қолданысқа берілген.
"Қазір Шымкенттегі халық саны 1,2 миллион адамға жетті. Егер шаһардың агломерациялық әлеуетін ескеретін болсақ 1,5 миллионнан асады. Бұл тұрғындардың барлығы дерлік су мен кәріз қызметін пайдаланады. Осыны ескерсек, қазіргі кәріз жүйесі қала тұрғындарына толық қызмет етуге толық қуаты жетпейді деген сөз. Шымкент қаласының Ынтамақ, Ынтымақ -1, 2 шағындаударының тұрғындарымен кездесу барысында олардың жанайқайы, тіпті әлеуметтік желідеде кәріз мәселесін көтеріп, қоғамдық пікір тудырып жүр. Жағымсыз иіс тұрғындарға жайсыздық тудырумен бірге экологиялық мәселені өзектендіріп, халықтың денсаулығына әсер етіп, наразылық артып келеді. Аманат партиясының ең басты құндылықтары – адамға жайлы жағдай жасау", - деді ол.
Депутат атап өткендей, биыл қаңтар айында кәріз-тазарту құрылғылары кешенінің қосымша ғимаратының құрылысы басталған. Алайда дептутат жұмысты жеделдету керек деп санайды.
"2024 жылы кешен тәулігіне 200 000 текше метр ағынды суды қабылдай алады. Кешенді кеңейту бойынша жобаның құны ҚҚС-сыз 3,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС-нің Еуропалық Қайта Құру және даму банкінен алған несие қарызы (1,75 млрд теңге) және Үкіметтің мемлекеттік қолдау түріндегі субсидиялары есебінен (1,75 млрд теңге) қаржыландырылады.Алайда тәулігіне қосымша 50 мың текше метр суды тазарту шаралары жағдайды толыққанды жақсарта алмайды. Шымкент қаласының бекітілген Бас жоспарына сәйкес, дәл қазір шұғыл түрде қуаттылығы тәулігіне 350 мың текше метр кәріз-тазарту құрылғыларының жаңа кешеніне техникалық-экономикалық негіздеме дайындау қажет. Бұл жұмысты жеделдету керек деп санаймын. Өйткені қазіргі тазарту қондырғыларының қуаттылығы ары кетсе 2028 жылға дейін ғана жетеді", - деді ол.
Депутаттың айтуынша, 40 мыңға жуық тұрғын кәріз жүейсінің жағымсыз иісіне тұншығып отыр. Олардың барлығы ғимарат жанындағы шағын аудандар.
"Жеке учаскеде тұратын жұрттың көбі – көпбалалы отбасылар. Арасында жаман иістен ауру тапқандары да бар. Бұл алдын-ала шешілуі кезек және күттірмейтін шұғыл мәселе екені белгілі. Сондықтан төмендегі ұсыныстарды назарға алуларыңызды сұраймын. Біріншіден, жобалық-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерістер енгізе отырып, тәулігіне 350 мың текше метр кәріз-тазарту құрылыстарын қабылдау үшін қуаттылығын арттыра отырып, жоғарыда аталған кәріз-тазарту құрылыстары кешенінің қосымша құрылысын салуды шұғыл тәртіппен жеделдету, қаланың Бас жоспарына тиісті өзгерістер енгізуды және жердің бөлінуін нақты анықтауды; Екіншіден, Жағымсыз иісті тоқтату үшін арнайы химиялық қоспаларды қосатын мекемелерді республикалық деңгейде бақылауды немесе тиімді ұсыныстарды жүзеге асыру қажет. Үшіншіден, экологиялық ахуалды зерттеумен айналысатын Отандық және шетел ғалымдарын тартып, қаржыландыруды және экологиялық ахуалды жақсартып, республикалық деңгейде оң шешімінің табуына және бақылауда ұстауыңызды сұраймын", - деді депутат.