Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"40 градус аязда құс ұшыру қыз балаға өте қиын": Әлем рекордын орнатқан бүркітші қыз құсты қалай баптайтынын айтты

Уақыт тоқтап қалғандай болды ол жақта, қаланың қарбаласынан да құлақ демалды. Биыл екінші рет бүркіт баптайтын азаматтар Шығыс Қазақстан өңіріндегі Ұлан ауданында бас қосып, "Шығыс салбуырыны-2022" ұлттық спорт сайысында бақ сынады. Қасқыр ішігін күміс белбеумен тартып, керей тымағын бастыра киген еңселі құсбегілер Бозанбай ауылының іргесіндегі жота маңына таңсәріден жиналған. Биыл көршілес елдерден ат басын бұрды. Қараша түссе де қар жаумаған еді, ұлттық спорт сайысы басталар күні айнала ақбұйраттанып шыға келді. Ұлттық спортымыз ұлықталған жарысты Stan.kz тілшісі де тамашалап қайтқан еді. Сайыс барысында әлем рекордын орнатқан құсбегі арудың оқиғасын тыңдады.

Осы жолы отыз құсбегі жиналды

Сағат тілі таңертеңгі 10:00-ды көрсете бере алды-арты бірдей тартатын ақ автобустан туристер түсе бастады. Өскеменнен келіпті. Кейбірі бір нүктеге қадалып, ғұмыры көрмеген нәрсені тамашалағандай ошарылып қалды. Киіз үй жанына жақындай бергеніміз сол еді, жұрт құс ұшырудан әлем рекордын орнатқан Айшолпан Нұрғайпты толассыз талқылап кеткен. Өжет қызды Алтай топырағына арнайы шақырды деді. Не дегенмен атпалдай азаматтар арасында көркем ойдың жетегінде қалып, көптің назарын аударумен болды. Алдымен аудан әкімі Ренат Құрмамбаев сөз алып, осындай шараларды дәстүрлі түрде өткізудің маңызы зор екенін айтты.

"Құс баптау – бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Алда ұлттық спорттық ойынымыздың ауқымын кеңейту жоспарда бар. Бұл жолы 30 құсбегі бас қосты. Алыс-жақыннан шақырған қонақтарымыз толықтай келді. Дегенмен басқа мемлекеттерде де қыран баптайтындар баршылық екенін біліп жатырмыз. Болашақта олар да сайысымызда бақ сынап қалулары мүмкін", – деді Ренат Тілеуханұлы.

Бозанбайлық Айзеренің бауашары

Шараның ашылуы өтіп жатқанда жағаласа сұңқылдай түскен қыран құс үні көшпенділер өмірін көз алдыңызға тез-ақ әкеледі. Қыран демекші, шара кезінде көпшілік Бозанбай аулының тумасы Айзере Марксқызының бауашар рәсіміне куә болды. Сайыс төрешісі Бағдатхан Мүптекеқызы "Хабар" Агенттігі акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәлидің арнайы сыйлығын табыс етті. 

"Ақсақалдарымыз баланы балиғат жасына толғанда қырандарымен алып шығып, бауашар жасап, қайтып келгенде үлкендер шашуын шашатын. Соның бірі бүгін Бозанбайда өткелі отыр. Айзереміз әкесімен бірге ұядан бүркіттің балапанын алған қайсар қыз. Әлем таныған Айшолпанның ізін басып, әпкесі сияқты ұлттық спортта оза шабады деген сенім мол", – деді төреші.

Бозанбай ауылынан шыққан бұрымдыға сұңқардың балапанын Жетісу жерінен арнайы алдырыпты. Сыйлығын алып, көпшілік арасына сіңіп бара жатқан қылдырықтай қызды тоқтатып, суретке түскісі келгендер толастамады. Фотоаппарат пен телефонға жылылықпен жымиып, қанатын қомдаған құсын сабырға шақырады. Әкесімен бірге тау басына шығып, балапан алғанда сегіз жаста болған.

"Бозанбай маңындағы шыңдардың біріне етектей көтеріліп, артық дыбыс шығармауға тырыстық. Әкем ол жерде бүркіттің ұясы барын бұрыннан білетін. Табиғатынан аса сезімтал құс. Адамның қорқып тұрғанын бірден байқайды. Бойыңда үрей тұрса, шабуылдаудан да тайынбайды. Сұңқар, қаршыға сияқты тұрқы шағын құстардан қауіп аз. Біз ұяға жеткенде тек балапан ғана болды. Қазір ол төрт жаста. Ал бүгінгі сайысқа "Қандыкөз" атты сұңқарымды қоспақпын", – деді Айзере.

Шырғаға қондыру да шеберлік

Қатысушылардың көбінен сұрастырып едік, әкелген қырандары 5-6 жаста, төрт-бесеуі  10-11-де. Шырғаға түсірген уақыттары да бір-бірлерімен қарайлас. Шамамен 12-35 секунд аралығы. Тәжірибелі құсбегілер мұны жақсы нәтиже деді. Айталық, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген Серік Жеңісбекұлы екі жасар "Қарагер" атты бүркітін шырғаға 13 секундта түсіріпті. Меймандар мұны шеберлік деді.

"Осы құсымызбен Моңғолиядағы бүркітшілер тойына қатыстық. Бұған дейін қасқыр алып үлгерді. Негізі, қазақ бағзыдан құрметпен қараған аспан серісін аналық жасқа келгенде еркіндікке жібереміз. Жұмыртқа басып, балапан шығаруға 5-6 жас кезі қолайлы", – деді алып денелі құсбегі.

Біршама бүркітшінің құсы түлкі мен қояннан асып, қасқыр алған. Моңғолиядан келген азаматтардың көбі қасқыр ішік пен құлын жарғақ киіп келген. Ірі денелі құсбегілер осындай қалың киінгенде өздеріне сондай жарасымды. Баян-Өлгейдің тағы бір тумасы Өркен Байтілкәріпұлы әке жолын жалғап, 35 жылдан бері тағыға құс салып келе жатқан жан. Қызы Ақбота да саятшылыққа ден қойыпты. Өзінің айтуынша, Үржар жеріндегі бүркітшілер сайысында жүлделі болып, "Аққанат" атты құсы үшінші орын алды. Қазақ пен моңғол құсбегілерінің қыран баптаудағы әдістері ұқсас дейді, дәстүрі бір.

"Қаны бір қазақпыз. Қазақ тойында бүркіт құсының төрт мың жылдық тарихы бар. Бұл құс жердегі аңды алып, қорегін табу үшін жаралған. Негізінен қоян мен түлкімен қоректенеді. Үстімде киіп тұрған қасқыр ішік осы құстарымның арқасы", – деді саятшы. 

Бұрын қазақта "Қасқыр ішік киген кісінің жанындағы адам үсіп-өлсе құн төлейсің" деген. Алтай жері суық болады. Қысы қатты, 40-50 градусқа дейін аяз күшеді.

Өркен Байтілкәріпұлының беліндегі жем қалта нақышына келтіре тігілген. Бүркітті шақыру үшін азығын салып қоюға ыңғайлы. Түлкі пұшпағынан тігілген керей тымақ боран мен желде құлақты жылы ұстайтын көрінеді. Бабына енген бүркіт орташа алғанда 3-4 келі, тойыныста отырғанда жеті келіге дейін ауырлайды. 

Айшолпанның рекорды әлі бұзылмады

Келген жұрт көз тігіп, қылығына сүйсінген Айшолпан да бүркіттің болмысын ұғынып, қаз-қалпы сипаттап берді. Қазіргі уақытта Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінде оқып жүр. Көпшілік бүркітші қыз ретінде 13 жасында мойындаған. Ол туралы деректі фильм жарық көріп, әлемнің 30 елінде көрсетіліпті. 

"Қазір спикер ретінде көпшілік арасына шығамын. Құсбегілік жағы білім алуға көп көңіл бөлетіндігімнен тоқтап тұр. Бүгінде алтыншы тіл үйреніп жатырмын. Негізі, қыз балаға құс баптау өте қиын. Себебі, біздің жақта 40-50 градус аяз, жүйрік мініп, бүркіт ұшыру біршама күрделі. Соған сәйкес қыз балалар да түлкі терісінен тігілген ішік киеді", – деді Айшолпан Нұрғайп.

Бізге бұрымдыны әлемге танытқан қандай сәт деген сауал туындады. 6-8 жас аралығында ат жалын тартып мініп, біртіндеп құсбегілікке бет бұрған. Қыран баптау әулетінен қалған. Небәрі 13 жасында 79 азаматтың арасында жалғыз нәзік жанды ретінде бақ сынап, бүркітін алты секундта шырғаға қондырған. Ол рекорд әлі бұзылмады.

Қырғызстанның Ыстықкөл облысынан келген Салават Айбекуулы "Шағылған" атты балапанын әкеліп, осындай ауқымды жарысқа үшінші рет қатысып отырғанын айтты. Бозанбай жеріндегі сайысқа екі айдай дайындалыпты. Қазақстандық құсбегілерді өз елінде өтетін ұлттық спорт ойындарына да шақырды. 

"Менен бөлек, інілерім саятшылықпен айналысады. Жүлде алсам тамаша болар еді, бірақ қатысып, тәжірибе жинаудың өзі мен үшін маңызды. Бізде қансонар анда-санда ғана өтеді. Қыранды көбінде кептер, қоян еттерімен қоректендіреміз. "Шағылғанның" салмағы қазір төрт келіден асады", – деді ол. 

Қырғызстаннан екі адам келіпті, бірі – бүркіт, екіншісі қаршыға ұшырды. Өкініштісі сол, Салаваттың құсы шырғаға қонбай, жарыс ол үшін сәтсіз аяқталды.

Әкелі-балалы құсбегілердің аяқ алыстары сенімді

Есесіне Абай облысына қарасты Үржар ауданының Көктерек ауылынан келген Қайдар Нұғынның "Жебе" атты қыраны алғырлық танытты. Не дегенмен Әлем чемпионатының жүлдегері һәм облыс чемпионы. 

""Жебе" қазір төрт жаста. Құсбегілік жеті атадан бері жалғасып келеді. Бабалар мұрасы ғой бұл. Өзім 16 жасымнан бері құс көтердім. Бүркіт - сезімтал құс. Бір қауырсыны сынып кетсе, адамға бақайы сынғандай сезіледі. Дұрыс ұшуы үшін қанат-құйрығы бүтін болып, таза жем жеуі керек. Бүгінгі сайыста "Жебе" 16 секундтан аспай шырғаға қонды. Мұның алдында "Мұзбалақ" атты құсым Абай ауданында өткен құсбегілер сайысында қасқыр алды", – деді алпыстың төртеуін толтырған саятшы.

Бүркітшінің ұлы Төлеубек Нұғын да ата жолын жалғап, төл өнерді қайта жаңғырту үшін тер төгіп келе жатқанын жеткізді. Бозанбайда өткен жарысқа әкесі екеуі "Жебені" үкілеп қосты. Құсбегілер әулетінің ірі сайыстарда алған жүлделері жетіп артылады. Төлеубектің інісі Өмірбек құс ұшыруда екі дүркін Әлем чемпионы. 

"Көкқасқаның" қарқыны қатты

Ит жүгірту де ерекше қызық болды. Мұнда осыған дейін талай жарыста жүлденің алдын бермеген өскемендік Мансұр Қанатбекұлының "Көкқасқа" атты үш қар басқан тазысы бірінші орын иеленді. Жалпы, ит жүгіртуде ұландық азаматтардың қарасы мол болды.

Сөйтіп, қараша айының 8-і күні Ұлан өлкесінде өткен өзгеше жарыста құс ұшырып, ит жүгірту бойынша мықтылар анықталды. Бүркітшілер арасында бірінші, екінші орындар Алматы облысынан келген құсбегілерге бұйырса, үздік үштікті ақмолалық Алмас Қасымов түйіндеді. 

Ит жүгіртуден мана айтқан өскемендік Мансұр Қанатбекұлы топ жарса, Ұлан ауданының намысын қорғаған Адал Оразай мен аягөздік Жандос Озатұлы екінші, үшінші орындарға жайғасты. 

Кезекті салбуырынның облыс тарихына алтын әріппен жазылып, сақталғаны сөзсіз. Келер жылы бұдан да ауқымды етіп ұйымдастырамыз деді әкімдік өкілдері. Көңілге қуаныш ұялатқан сәт, ұландық азаматтардың тазы өсіруге деген ықыласы ерекше, бүркітшілер де ұлттық құндылықты дәріптеуге әзір.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

STAN.KZ
Бейсенбі, 10 Қараша, 2022 19:06
Талқылау