Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"4 жыл 7 ай бірге тұрдық": Әнші Наркенже Серікбаева басынан өткен ауыр қайғысынан кейін алғаш рет ел алдына шықты

Белгілі әнші, термеші Наркенже Серікбаева жолдасының қазасынан кейін алғаш рет сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ұйқым келмейді” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жақында әнші марқұм жолдасына арнап, бейнебаян түсірді.

“Ол кісінің қандай екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Маған барлық нәрсені ұғындырып кетті. Еркелейтінмін, ренжитінмін. Оған тұрмысқа шықпай тұрып, қайсар, ер мінезді болатынмын. Әйел деген нәрсені ұғындырып кетті. 4 жыл 7 ай өмір сүріппіз. Жаман сөз айтып, қол көтерген емес. Бауырларыма да ауыр сөйлемеген. Анам оны қатты жақсы көрді. Жүрегім тыныш, түсіме де кірмейді. Ол жақтағы өмірі де жақсы шығар деп ойлаймын. Ол кісімен жүрген кезде "өнерді қояйын ба?" деп ойлайтынмын. Сол кезде "мен қарсымын" деп айтатын. "Сен домбыраңды тастама, баяғы жырларыңды айтшы" дейтін. Қайтқаннан кейін "өнерді қоямын" деген ой бар”, – сөзін жалғай алмай көз жасына ерік берді әнші.

Әншінің айтуынша, марқұм жолдасына арналған бейнебаян мәңгілік ескерткіш іспетті.

"Бейнебаянда біздің тағдырымыз бейнеленген. Бұл жолдасымның идеясы еді. Өзі сезді ме, осы бейнебаянды түсіргенше асықты. Ән тағдырыңа айналады деген рас екен. Түсіру барысында өте қиын болды. Бейнебаянның тарихы тұтас өзімнің басымнан өткен оқиға. Тағдырымыз десек болады. Теміржол вокзалында алма сатып тұрған да – өзім. 1998 жылы заман қиын болып, алма сатқанмын. Қайтыс болған күйеуім екеуміз сол кезде қыз бен жігіт болып жүретінбіз. Маған өте көп көмектесті. Кейін мен басқа жігітке тұрмысқа шығып кеттім. Тағдырдың жазуы сол болды. Ол кісіден бір қызым бар. 18 жылдан кейін марқұм күйеуіме қайтадан қосылдық. Алматыда шаңырақ көтеріп, Қызылордаға келін етіп түсірді. Ол кезде ол кісі де отбасымен ажырасып кеткен екен. Мен де алғашқы жолдасыммен жараспадым. Бір күні Кеңес Әшірбаев ағамыздың үйіне барғанда ол кісі “Тағдыр” әнін айтып берді. Жолдасым тыңдап отырып, “тура екеуміздің тағдырымыз" деді. Әнді қатты ұнатып, менің орындауымды, репертуарыма қосуымды қалады”, – деп еске алады әнші.

Еске салайық, әнші Наркенже Серікбаева жолдасынан айырылып қалғанын жазған болатынбыз. 

 

Талқылау