Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздық оқушы анасы мен ағасының қазасынан кейін әкесін сотқа берді

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Таразда сот бұрын қызына көмектеспеген әкені алимент төлеуге міндеттеді. Ер адам төлемді азайту үшін төрт баланы рәсімдеп, жеке кәсіпкерлігін жапқанымен, сот бұл әрекетті жалтару амалы деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жоғарғы соттың мәліметінше, Тараз қаласында сот ер адамды бұрын ата-ана құқығынан бас тартқан қызына алимент төлеуге міндеттеді.

"Іс материалдарына сәйкес, 2008 жылы ер адам екі баласына, оның ішінде қызына қатысты ата-ана құқығынан нотариалды түрде бас тартқан. 2018 жылы оқушы қыздың анасы мен ағасы қайтыс болып, содан бері ол әжесінің қамқорлығында тұрып келеді", – делінген соттың хабарламасында.

Қазір 11-сыныпта оқитын қыз сотқа жүгініп, қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтқан. Жеке мектептегі оқу ақысы айына 68 мың теңге болады, ал әжесінің табысы күнделікті қажеттіліктерге ғана жетеді. Оның айтуынша, әкесі ешқандай көмек көрсетпеген, байланыстан қашып, тіпті телефон нөмірін бұғаттап тастаған.

Сот барысында ер адам алимент мөлшерін азайтуды сұрап, басқа некеден туған төрт баласы барын және несиелері барын алға тартқан. Алайда сот оның еңбекке қабілетті екенін және бірнеше кәсіптен табыс табатынын анықтады. Сондай-ақ шешім шығарылар күні оның жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шыққаны және оған дейін басқа балаларға әкелік құқықты рәсімдегені белгілі болды.

"Сот бұл әрекеттерді алимент төлемін азайтуға бағытталған қадам ретінде бағалады. Тараз қалалық соты әкеден қызы мектеп бітіргенге дейін ай сайын 17 АЕК (66 844 теңге) алимент өндіру туралы шешім шығарды”, – деді Жоғарғы сот.

Жауапкер шешімге шағымданғанымен, Жамбыл облыстық соты бірінші инстанция шешімін өзгеріссіз қалдырды.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда енді несие мен алимент бойынша қарызын төлемегендер жүргізуші куәлігінен айырылатынын жазған едік. Жеке сот орындаушылары төленбеген несие, айыппұл, алимент секілді қарызы бар борышкерлердің банк картасын бұғаттап қана қоймай, тиісті қаулы шығарып көлік айдау құқығынан шектеуі мүмкін. Алайда бұл қатаң шара қарызы бардың бәріне бірдей қолданыла бермейді екен. Бұл шара берешегі 1 миллион 81 мың теңгеден асқандарға қолданылады.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 10:01