Қазақстанда жолдардың сапасын бағалау критерийлерін қайта қарау ұсынылды
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қазақстандағы жолдардың сапасын бағалау критерийлерін қайта қарау қажетін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Көлік министрлігінің мәліметінше, жергілікті маңызы бар жолдардың 87 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.
Дегенмен, депутаттың сөзінше, жергілікті маңызы бар жолдардың 31 мың шақырымында немесе 44 пайызында ғана асфальт-бетон жабыны бар. Қалған 39 мың шақырымы немесе жергілікті маңызы бар жолдардың 56 пайызы қиыршық тас және топырақпен жабылған.
"Осыған байланысты жолдардың сапасын бағалау критерийлерін қиыршық тасты және топырақты жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар санатынан шығару бөлігін қайта қарау қажет деп санаймыз. Нәтижесінде біз жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйінің нақты бейнесін көре аламыз", – деді Сабильянов.
Сонымен қатар депутат жергілікті техникалық қадағалау қызметтерінің нашар жұмыс істейтінін айтты.
"Олардың жұмыс сапасы өте күмәнді, техникалық қадағалау функциялары формальды түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ жол жамылғысын бүлдіретін ауыр жүк көліктері де дұрыс бақылауға алынбайды. Бұл жүк көліктерінің салмақ параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станциялардың қажетті санының болмауына байланысты", –деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда желтоқсаннан бастап тас жолдарда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынатыны туралы жазған едік