Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрмыстық күтімге арналған өнімдер сатқан: Қазақстанда Happy Life KZ қаржы пирамидасын құрушы сотталды

Фото: freepik.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Happy Life KZ қаржы пирамидасының құрылтайшысына қатысты айыптау үкімі жарияланды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылғы 12 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты А-ға қатысты айыптау үкімін жариялады. Оған қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген айып тағылды.

Сот дерегіне сүйенсек, А. "Happy Life KZ" ЖШС-нің құрылтайшысы бола отырып, осы компанияны пайдалану арқылы 2016 жылы қаржы пирамидасын құрған.

“А. желілік маркетинг түріндегі матрицалық жүйені қолданып, шақырылған жаңа салымшылардың санына байланысты әр түрлі деңгейдегі салымшыларды орналастырған, мұнда белгілі бір деңгейде қатысушылар құрылымға көтеріліп, төменгі деңгейден көтерілгендердің жарналарынан кіріс алып отырған.

А. заңсыз іс-әрекетін жасыру үшін "Айсәуле" және "Қазбад" брендтерімен емдік сабын, сұлы сүті қосылған сабын, сүт сабыны, жақпа майды, сусабындарын, бетке арналған маскаларды, сарысулар мен тағамдық қоспалар сияқты нарықтық құны төмен тауарларды пайдалану үшін арнайы стратегияны әзірлеген”, – делінген со т хабарламасында.

2016-2024 жылдар аралығында пирамиданың қызметі бірқатар "Маркетингтік бағдарламалардың" мұқабасында жарияланып, оның шеңберінде салымшылардан таңдалған бағдарламаға байланысты 7 500 теңгеден 1 600 000 теңгеге дейін өзгермелі кіру жарналары талап етілген.

Қаржы пирамидасының жұмыс істеуі өз қаражатын кейінірек салған салымшылардың ақшасын бұрын салған адамдардың пайдасына қайта бөлу арқылы қамтамасыз етілген. Алайда А.-ның қаржы пирамидасының қызметі тоқтаған кезде, мәселелер туындап компанияға ақша салған соңғы салымшылар қаражатын ала алмаған.

2016 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде А. салымшылардың жалпы сомасы 286 миллион теңгеден асатын ақшалай қаражатын иемдеген, яғни аса ірі мөлшерде, оның ішінде 35 жәбірленушіге жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын материалдық зиян келтірген.

Сот тергеуінің қорытындысы бойынша А.қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Сотталушы кінәсін мойындамады, кінәсіздігіне байланысты ақтауды сұрады.

“Жасалған қылмыстың мән-жайын мен оның ауырлығын, келтірілген залалды өтемеуді, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын, жәбірленушілердің пікірлерін ескере отырып, сот А.-ны азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен 7 жыл мерзімге айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – деп мәлімдеді сот өкілдері.

Сот жәбірленушілердің азаматтық талап қоюларын қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айнұр Мұхади
Жұма, 23 Мамыр, 2025 09:46
Талқылау