Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"-32 градуста жұмыс істеп жатыр": Екібастұз тұрғындары қаладағы ахуал туралы айтты

Екібастұз қаласында апатқа байланысты жылусыз отырған үйлердің саны артып келеді. Бір түнде жылу желісіндегі зақымдар саны да артқан. Жылу-электр орталығы іске қосылғанымен, әбден тозығы жеткен құбырлар қысымға шыдамаған. Сондай-ақ үйдегі және сырттағы жылу батареялары да жарылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

екібастұз

Қала тұрғыны Ләззат Шушаева түні бойы көз ілмегенін айтады. Сөзінше, үйінің төбесі опырылып түскен, себебі жоғарғы қабаттағы көршісіне жылу берілгенде батарея шыдамаған. Ал Жұпарбек Бақтияров үйіндегі барлық жамылғылар, көрпе мен төсек-орынның су болып қалғанын жеткізді. 

"Жарық та, су да, жылу да, ештеңе жоқ. Балаларды туыстарымның үйіне апарып тастадым", – дейді қала тұрғыны Жұпарбек Бақтияров. 

Көпбалалы анасы Ақмарал Нұрбаева бір бөлмелі пәтерінен кетпеген, себебі басқа баратын жер жоқ дейді. 

"Қайда барамын? Төрт балам бар, қайда бармақпын? Қазір барлығы қымбат. Осында отырамыз. Көршілерімді де су басып жатыр", – деді Ақмарал Нұрбаева. 

Қазір қала орталығындағы үйлерде жағдай ушығып тұр. Қатып қалған жылу желісін тұрғындар өздері қыздырыпты. 

"Лас судың барығы кәрізден қайта шығып жатыр. Себебі жылу жоқ, қатып қалған. Осымен төртінші тәулік", – деді Екібастұз тұрғыны Наталья Леонова. 

"Дәретханаға бармаңдар дейді, қалай бармаймыз? Себебі бірінші қабаттағы унитаздан барлығы қайта көтеріледі", -  деп қосты Гүлжан Оразалина. 

Қалада жұмыс күші де жеткіліксіз. Қазір өзге облыстардан қызметкерлер келіп жатыр. Дегенмен бір тәулікте жылусыз үйлер саны 2 есеге көбейген. 28 қарашада олардың саны 17 болса, 29 қарашада 53-ке жеткен. 

Жұмыс топтары бірнеше тәуліктен бері ұйықтамаған. Қазір Екібастұзда құбырдағы қысым төмендегендіктен жарылған құбырлар саны да артыпты. Ал жұмысшылар -32 градус аязда жұмыс істеуде. 

Қала тұрғындарына шығынды өтеу туралы әкімдікке арыз жазу ұсынылған. Табиғи монополияларды реттеу департаменті монополист "Екібастұзжылуэнерго" компаниясының тарифті өсіру туралы өтініші кейін қаралатынын мәлімдеді. 

"Қазіргі тарифтік сметадада жөндеу жұмыстарына 600 миллион теңге қарастырылған. Өтініш жобасында монополист мұны 3 миллиард теңгеге дейін өсіруді ұсынған. Нәтижесінде тариф қымбаттайтыны айтпаса да белгілі. Сондықтан біз бұл өтінішті қала қоғамының пікірін ескере отырып қарастырамыз", – деді Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев. 

Қазір қала 8 жылыту пункті ашылған. Сонымен қатар жұмысшылар тобы мен қала халқын тегін тамақпен қамтамасыз етуге уәде берген. 5 мектепте тегін жатын және тамақтану орындары ұйымдастырылды. 

Талқылау