300 мың теңге: Елімізде біреудің әнін рұқсатсыз орындағандарға айыппұл салынатын болады
Елімізде біреудің әнін рұқсатсыз шырқап, жазғаны мен жасағанын сұраусыз пайдаланғандар үш жүз мың теңге дейін айыппұл арқалап, алты жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Әділет министрлігі бүгінде авторлық құқыққа қатысты әкімшілік-жауапкершілік енгізуді қарастырып жатыр. Сондай-ақ, тауар белгісін заңсыз пайдаланғандарға да жаза күшеймек.
Жаңа заң жобасында автордың кез келген туындысын рұқсатсыз алып, өз мақсатына пайдаланатындарға жазаны күшейту қарастырылған. Заңсыз ісі үшін азаматтарға 295 мың 360 теңге айыппұл немесе үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Аталмыш бастамамен композитор Әзиз Балтабекұлы да келіседі. Ол жазаны күшейту заңсыздықтардың алдын алуға сеп болады дейді.
“Бізде көп жағдайда ешбір рұқсатсыз, әрине көпке топырақ шашпаймын, бәрі солай орындайды деп. Бірақ басым көпшілігі әндерді рұқсатсыз алады. Кавер деп жатады, тіпті, кавер болған күннің өзінде автордан бір ауыз сұралып ауызша болсын рұқсатын алу керек. Тик-токка ғой, өзіміз жай шығара салдық қой деген бардым, жүрдім деген нәрсе дұрыс емес қой. Егер де авторлық құқық мәселесі қатаңдатылып, жаза күшейсе біраз бұл жүйе орнына келер деп өз басым есептеймін”, –дейді композитор, әнші Әзиз Балтабекұлы.
"Меломен" тобының әншісі бесінші рет әке атанды
Мейрамханалар мен караокеде орындаушы белгілі бір автордың туындысын шырқау үшін міндетті түрде ұжымдық ұйымдармен шарт жасасуы тиіс. Шартқа сәйкес шығарма иесіне ай сайын сыйақы беру міндеттеледі. Сондай-ақ, министрлік тауар сыртындағы таңбаларды заңсыз пайдалану әрекеттеріне де шара қолданбақ.
“Қазіргі таңда ҚР тауар таңбаларын заңсыз пайдалану және жасанды тауар өнімдері нарықта кең таралуы өзекті мәселе болып отыр. Осыған сәйкес ҚР Әділет министрлігі қылмыстық кодекстің 222-бабына сәйкес, бұндай тауарларды пайдалану жөніндегі қылмыстық жазаны қатаңдатпақ. Осылайша, жауаптылар жыл соңына дейін айыппұлдың жаңа түрін енгізбек. Әзірге заң жобасы пысықталып жатыр”, – дейді әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы департаментінің бас сарапшысы Ботагөз Сатжанова.
Еске салсақ, осыған дейін танымал ресейлік әнші Лилия Голдобова отандық шоу-бизнес жұлдызы Ерке Есмаханның “Қайда” әнінің әуеніне ұқсас ән айтып, қызу талқыға түскенін жазғанбыз.