Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"30 жылдың ішінде бүкіл орманнан айырыламыз": Еліміздегі өртке байланысты БҰҰ сарапшысы билікке кеңесін айтты

Абай облысында 8 маусым таңертең басталған орман өртінің аумағы келесі күні түнде 60 мың гектарға жеткен. 12 маусым күнгі дерек бойынша өрт көлемі 43 мың гектарға дейін азайған. Бірақ өрт әлі де тоқтамаған. Сондықтан қазір аймақта қауіп әлі де сақталады. Stan.kz тілшісімен тілдескен белгілі қазақстандық эколог, БҰҰ сарапшысы Вадим Ни алапат өрттің экологиялық салдары туралы, оның жиі орын алу себебі мен сарапшы ретінде билікке өз кеңесін айтты.

өрт Қостанай

Бұған дейін Абай облысындағы өрттен 14 адамның қаза тапқаны белгілі болса, бүгін тағы бір адамның көз жұмғаны анықталды. Осылайша марқұмдардың саны 15 адамға жетті. Елімізде 12 маусым күні Аза тұту күні жарияланды. Тілсіз жаумен күрес әлі де жалғасып жатыр.

Өртеніп жатқан аумақ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің "Семей орманы" мемлекеттік табиғи орман резерватына қарайды. Ресми мәліметке сүйенсек, резерваттың жалпы аумағы  - 654 179 гектар. Өртеніп жатқан аумақ бір-біріне шекаралас – Жаңашүлбі мен Бородулиха филиалдары.

Вадим Ни өрттің қоршаған ортаға келтіретін зияны туралы айтудан бастады. Сөзінше, қазір өртті ауыздықтау жұмыстары жүріп жатқанда залалдың мөлшерін анықтау қиынға соғады. Ел аумағында сексеуілді ормандарды қоспағанда жалпы аумағы 6 млн гектар орман бар екенін ескерсек, өрт шарпыған 60 мың гектар аумақ – оның 1 пайызына тең. Сондықтан кез келген пайыз біз үшін өте үлкен, дейді эколог.

Маман әсіресе ағаштар өртенген кезде ұзақ жыл бойы сақталған көмірқышқыл газының да қоршаған ортаға тарайтынына назар аударады.

Вадим Ни

"Бұл үлкен мәселе. Қазір Канада, АҚШ, Австралия және Ресей секілді елдерде ағаштарды отау көптеп жүріп жатыр. Біз күн сайын орманға жақындап келеміз. Орман ішінде орналасқан нысандар да көп. Мұның барлығы өрт тұтану ошақтарын көбейтеді. Оның үстіне қазір тұтанған өртті өшірудің өзі қиынға айналып барады. Себебі, климаттың өзгеруімен температура көтеріліп келеді. Осыған байланысты оның масштабы да артуда", - дейді Вадим Ни.

Еліміздегі ормандардың көпшілігі қарағайлы орман екенін айтқан эколог оларды соңғы екі жүз жылда адам қолынан зардап шекпеген деп санайды. Айтуынша, қарағай – ұзақ жылдар бойы мұндай өрттерге бейімделген.

Жоғарыда аталған 1 пайыздың еліміз үшін көп екенін айтқан эколог бұлай жалғаса берсе бар болғаны 30 жылдың ішінде орман аумағынан айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтады.



Өткен жылдың күзінде ғана Қостанай облысында алапат өрт болған еді. Арада бір жыл өтпей-ақ үлкен өрт қайтадан тұтанды. Вадим Ни елімізде мұндай ірі өрттердің жиі орын алуының себебін ауа райының әсерінен көреді. 

"Өткен жазда ыстық кешігіп түсті. Тіпті шілденің өзі қоңыр салқын болды. Сосын тамызда бірден ыстық басталды. Осының салдарынан өрт шықты. Биыл да байқасаңыздар, жаз тез түсіп, күн ерте ысыды. Яғни, мұның себебі – әлбетте жоғары температура. Оның үстіне желдің жиі тұруы да өрт ошағының тез таралуына әсер етеді. Қазір әлемде өрт тұтану азайғанымен оның көлемі артқан. Мұны тек климаттың өзгеруімен байланыстыра аламыз", - дейді сарапшы.

Вадим Ни өрттің шығуына адами фактордың әсер етуі мүмкін деген нұсқаны терістейді. 

"Биліктің "бұл біреудің қызметін дұрыс атқармауынан болды" деуі дұрыс емес. Мұның қатысы жоқ. Адами фактор әсер етсін немесе жемқорлық болсын бұл – бүкіл планетада болып жатқан жағдай. АҚШ-та, Канада-да жанып жатқан ормандар біздегі секілді қарағайлы ормандар. Тек ол жақтың аумағы үлкен. Мен мұның да себебін климаттың өзгеруі мен температураның жоғарылауымен байланыстырамын. Мұның алдын алу үшін орманды қорғауды күшейту қажет болмаса өртпен күрес жұмыстарына байыппен қарай бастау керек", - деп түсіндірді ол.

БҰҰ сарапшысы өрт сөндіру жұмыстары бойынша әлемдік тәжірибелер жайлы айтып берді. Сөзінше, Ресейде ерікті өрт сөндіру бригадалары жасақталған. Өрт таралу аумағы үлкен болғандықтан өрт сөндірушілер барлық жерді өшіріп үлгермейді. Осындай жағдайда арнайы жаттығудан өткен еріктілер көмекке келеді.

"Президент Тоқаев та бұл жайлы айтып өтті. Бірақ кәсіби 14 азаматтың қаза тапқанын ескерсек, дайындықсыз адамдарды өрт аумағына жіберуге болмайды. Дайындықтан өтуі тиіс. Бірақ олар өрттің ары қарай таралуын тоқтатату үшін жердегі көкті қырып, арнайы жолақтар жасайды. Немесе қарағайдың түбін қазып, өрттің жоғарыға тарамауын алдын ала алады. Әлбетте мұның барлығын жүзеге асыру үшін зерттеу жүргізіп, адамдарды даярлау керек. Бұл әлемдік тәжірибелерді мен АҚШ-та, Канада-да көргенмін", - дейді эколог.



Вадим Ни мұндай алапат өрттердің алдын алу үшін не істеу қажет екенін айтып өтті. Сөзінше, ең алдымен орман ішіндегі құрылыс жұмыстарын тоқтату керек. 

"Адамдар орманға тыныш келіп, тыныш кетуі керек. Бұл – қоршаған ортаны қорғаудың жалғыз жолы. Тағы бір атап өтерлігі, орман өртінің алдын алу үшін қолдан арнайы бақыланатын өрт жасайды. Бұл әсіресе АҚШ-та кең қолданылады. Мысалы, ондаған жылдар бойы өртпен күресу жанбаған экожүйелердің жиналуына әкеледі. Бұл жиналып тұрған қауіпті жанармай секілді. Бақыланатын өрттер табиғи жалын орын алуы мүмкін экожүйелерді басқару үшін әдейі қолдан жасалады. Бізге де мұндай тәжірибелерді меңгерген пайдалы", - дейді сарапшы.

Вадим Ни өз кезегінде сарапшы ретінде билікке өз кеңесін айтты. Экологтің ойынша, алдағы болатын өрттерге дайын болуы үшін арнайы зерттеу жүргізуі тиіс. Көп қаржы жұмсамай-ақ өзге елдерде жүргізілген тәжірибелерді қолданып, орман ісімен айналысатын адамдардың дайындық жұмыстарын шыңдау қажет, дейді ол.

"Әр аймақтың жергілікті билігі ормандарды сақтап қалу жұмыстарына басымдық беруі керек. Техникамен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне көз жеткізу керек. Әсіресе жоғарыда айтылған арнайы еріктілер жасағының қатарын арттырған дұрыс. Біздің елімізде бір уақытта миллион гектар жер жануы мүмкін емес. Ондай аумақ жоқ. Сол себепті өрт шыққан аумаққа адамдарды тез арада жеткізіп отыруды жүйелі жолға қою маңызды. Осы нұсқаға көбірек дайындалу қажет", - деп түйіндеді эколог.

Талқылау