Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнетақыдан қағылдым": Қарағандылық әжей 30 жылдан бері Совет үкіметінен қалған құжатын ауыстыра алмай келеді

Қарағанды облысында зейнеткер кеңес үкіметіндегі паспортымен әлі жүргендіктен зейнетақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Зейнеткер шенеуніктердің немқұрайдылығы мен арғы тегінің литвалық болғанына байланысты құжаттарын рәсімдей алмай жүргенін айтады.

"Не несие ала алмаймын, не кете алмаймын, тегін дәрі-дәрмектер де жоқ. Елден аластатылған адам сияқты өмір сүріп жүрмін. Маған апта бойына дәрі-дәрмек қажет. Көмектесіп жүрген мейірімді адамдарға алғыс айтамын", – дейді ол.

Нина Ивановна біреуден көмек алуға ұялатынын айтады. Бұрын зейнеткер зауытта жұмыс істеп, өз күнін өзі көргендіктен ақша алуға дағдыланбаған. Қазір әйел саңырауқұлақ пен жидектер жинап сатады. Бірақ одан түсетін табыс аз.

"Кеңес үкіметіндегі паспортымды қазақстандық куәлікке мүлде ауыстыра алмай қойдым. Тиісті құжаттарымды өткіздім. Берген адамдарды білемін. Бір жыл жүрдім. Нәтижесінде бүкіл құжатымның жоғалып кеткенін білдім. Ешкімге керек емес болдым. Ақыры жүйкем ауырып, шаршадым", – дейді зейнеткер.

Нина Ивановна Литвада дүниеге келген. 1991 жылға дейін Ресейде тұрып, кейін Кеңес үкіметі ыдырай бастаған тұста Қазақстанға көшіп келеді.

"Мен 1991 жылдан бастап Қазақстанда тіркеудемін. Ешқайда бармадым, міне менің тіркеу кітабым. Сіз біздің елде туылмағансыз дегенді көп естимін. Адам құқықтарын қорғайтын жерге хабарласыңыз дейді. Мен жүгіндім. Олардың айтатыны, барлығы Литваға байланысты. Сіздің Литва азаматы емес екеніңіз туралы анықтама бермей жатыр", – Нина Ивановна.

Ал көші-қон қызметі бізге бұл оқиғаны білетіндігін және куәлік беру туралы мәселе аяқталу кезеңінде екенін хабарлады.

"Кеңес паспорты Ресейдің Владимир облысында берілген. Сондықтан Литва жағын тартудың қажеті жоқ. Ресейден жауап алынды, тек ресми құжат күтілуде. Осыдан кейін Нина Ивановна көші-қон қызметінің анықтамасымен ХҚКО-ға баруы керек", – дейді көші-қон қызметі.

Құжаттар тез дайындалады, жазда Нина Ивановна мәселесі шешілуі керек. Содан кейін ол зейнетақысын рәсімдеп, бір кішкентай әрі ізгі арманы: жаңа пеш алып, ұлы мен немересіне шие қосылған кекстер пісіре алады.

Талқылау