Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

30-40%-ға өскен: Сарапшылар еліміздің батыс өңірінде баспана қымбаттауынының себебін түсіндірді

Еліміздің батыс өңірінде баспана құны тағы қымбаттап жатыр. Әсіресе Ақтау мен Ақтөбеде пәтер бағасы 35-40 пайызға көтерілген. Сарапшылар бұған тұрғындардың зейнетақы қорындағы артылған ақшаға жаппай жылжымайтын мүлік сатып алуы себеп болғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Өзге өңірлердегідей емес, мұнайшылардың қордағы салымдары едәуір жиналып, несиесіз үй алуға жинағы еркін жеткен. 

Ақтауда баспана бағасы күрт өсті. Қазір бұл жақтан бір бөлмелі пәтерді 11-12 миллион теңгеге әрең табасың. Осыдан бір жыл бұрын оның құны 7 миллион теңгеден аспайтын. Сарапшылар пәтер бағасының қымбаттауына зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануға рұқсат беру себеп болды дейді. Мұнайшылардың қордағы жинағы белгіленген мөлшерден әдеуір асып, жұрт жаппай жылжымайтын мүлік алуға кірісіпті. 

"Тұрғын үй бағасының көтерілуіне бірнеше фактор әсер етті. Ең бірінші, зейнетақыдағы артылған ақшаның тұрғындарға берілуінен деп білемін. Инфляция да өз әсерін тигізді. Сосын тұрғындар қазір қолында бар ақшасын жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсап жатыр. Бұл да өз кезегінде тұрғын үй нарығына әсерін тигізеді. Қазір түрлі ипотекалық бағдарламалар көп бұл да әсер етеді. Меніңше сәуір айына дейін үй сатып алу қарқыны жақсы болады. Содан соң қалыпты жағдайға түседі деп ойлаймын", - дейді экономист Бибігүл Саубетова.

Баспана құны қымбаттаған аймақтардың тізімінде Ақтаудан соң Ақтөбе тұр. Бұл жақта пәтер құны 35%-ға көтерілген. Соңғы бір жыл ішінде 2-2,5 миллион теңге қосылыпты. Ақтөбеде зейнетақы қорындағы артылған ақшаны тұрғындар баспана алуға жұмсап жатыр. Ең қызығы, жергілікті тұрғындардан бөлек, көршілес Атырау мен Ақтау тұрғындары Ақтөбеден баспана алуға құмар. 

"Ақтаудан, Атыраудан келіп алушылар өте көп. Өйткені баға жағынан біздікі сонда да төмен. Біз жақтан алған тиімді. Кейбірі экология деп жатады. Көбінесе Атырау жақтан келеді сатып алушылар. Мұнай, экология жағынан біздікінен нашарлау болғандықтан, балалары оқуға түсіп жатады. Көптеген үлкен оқу орындары Ақтөбеде орналасқан", - деп түсіндірді жылжымайтын мүлік агентігінің менеджері Дана Убайт.

Ақтау мен Ақтөбеге қарағанда Оралда баспана бағасы арзандау. Бір бөлмелі пәтерді 9-10 миллионға, екі бөлмелі пәтерді 14-15 миллионға сатып аласың. Дегенмен соңғы бір жылда тұрғын үй 24 пайызға қымбаттапты. Мұны мамандар құрылыс жұмыстарының бәсең жүруімен түсіндіреді. 

"Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ тым аз үй салынуда. Тек соңғы 3-4 жылда ғана жаппай құрылыс бастау алды. Сондықтан баспанаға сұраныс көп. Сұраныс бар жерде баға да өседі", - деді жылжымайтын мүлік агентігінің директор Сайлаубек Есқалиева.

Еліміздің батыс аймағында пәтер құны 30-40%-ға дейін көтерілгенімен, өзге өңірлермен салыстырғанда жылжымайтын мүлік әлі де бұл жақта арзан деп есептеледі. 

Алматыда пәтердің бір шаршы метрі 600 мың теңгеден, елордада 400 мың теңгеден асады. Қымбатшылыққа қатысты кестенің соңында тұрған Көкшетаудың өзінде баспананың бір шаршы метрі 302 мың теңге. Өйткені бұл аймақтарда бұрыннан қымбат баға қалыптасып қалған. 

Ал Ақтау мен Ақтөбеде баспана бағасы қырық пайызға қымбаттағанымен, пәтердің шаршы метрі 240-270 мың теңгеден аспайды. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 08 Ақпан, 2022 07:23
Талқылау