3 триллион теңгеден аса қарызы бар "Қазақстан темір жолы" топ-менеджерлеріне неге миллиондап бонус төлейді
Фото: t.me/KZgovernment
"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов үкімет отырысынан кейін өткен брифингте компания топ-менеджерлеріне неліктен миллиондап бонус төленетіні туралы сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтің өткен отырыстарының бірінде бұрын "Қазақстан темір жолы" басшысы болған, қазір көлік министрі қызметін атқаратын Нұрлан Сауранбаев ұлттық компанияның қарызы 3 трлн теңгеден асатынын мәлімдеген еді. Соған қарамастан 2023 жылы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ топ-менеджерлер мен директорлар кеңесінің мүшелеріне 790 млн теңге бөлген. БАҚ өкілдері қазіргі басшыдан "Ұлттық компания бұл бағыттағы шығынды қысқарта ма?" деп сұрады.
"Біріншілен, бізде 3 трлн 200 миллион теңге қарыз бар. Бірақ табысымыз шығысымызды жабуға жетеді. Уақытында жауып отырмыз. Екіншіден, бонусты директорлар кеңесі шешеді. 2024-2025 жылға қанша бонус бөлінгені туралы ақпарат шыққан жоқ", – деді Талғат Алдыбергенов.
Еске салсақ, бүгінгі брифингте ұлттық компания басшысы Талғат Алдыбергенов "Қазақстан теміржолы – жүк тасымалы" ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Үмбетовтің қоластындағыларды сыбап жатқан видеоға қатысты пікір білдірді. Ол видеоның тарап кеткеніне байланысты компанияда ішкі тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Қызылшаға қарсы екпе құтқарар ма еді": Қазақстандық ана қызының екпе салдырып үлгермегендіктен комаға түскенін айтты
