"Ақшаны босқа шашу": Атырауда шенеуніктер кішкентай аулаға 54 орындық орнатқан
Фото: Сюжет кадрларынан скрин
Атырауда тұрғындар шенеуніктердің бір ғана кішкентай аулаға 54 жаңа орындықты қаз-қатар тізіп орнатқанына наразы болды. Айтуларынша, бұл – бюджет қаржысын оңды-солды шашу. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 -арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Алмагүл" ықшам ауданында балалар ойнайтын жер, футбол алаңы тұрғындар сұранысына сай салынған. Алайда тұрғындар, бұл жердегі шамадан тыс орындықтар санына наразы. Айтуларынша тізіліп салынған орындықтар көбіне бос тұрады.
“Кілең орындық салып қойды. Шынымды айтсам, толып тұрған орындықтың бәрі керек емес. Салса бір 10-20 шақты жетеді ғой”, – деді Атырау қаласының тұрғыны Жұмағали Ерғалиев.
Шенеуніктер бұл аулаға бас-аяғы 54 орындық қойған. Қаз-қатар тізілген орындықтар әр метр сайын тұр. Ал қоғам белсенділері қалада бірде бір орындығы жоқ аулалардың көп екенін алға тартты.
“Бұл дұрыс емес деп санаймын. Тек ақшаны босқа жұмсады. Басқа да аулаларға жетпейді. Сонда қойғандары дұрыс қой. Мәселен, көптеген саябақта демалатын орындар жоқ. Сонда орнату керек. Қалай есептеген? Соған таңғаламын”, – деді қоғам белсендісі Нұрлан Жүнісов.
Ал әкімдік өкілдері мұны "100 аула жоба аясында" салынғанын жеткізді. Орындықтардың өзіне 3 миллион теңге бөлініпті.
“Осы орындықтар мен қоқыс жәшіктері жобада дәл солай көрсетілген. Бір қадам емес, адам саны көп болуына байланысты осылай қарастырылған. Орын жоқ болғасын бір түзеудің бойына салынды. 100 аула абаттандыру бізде, аты да айтып тұр ғой 100 аула деп”, – деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғын үй инспекция бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы Ербол Айтқалиев.
Жауаптылар жыл соңына дейін қаладағы футбол алаңдары, жаяу жүргіншілер жолы, ойын алаңдарын салып, түнгі шамдар орнатылатынын айтты. Сондай-ақ тағы тоқсан тоғыз аулаға 54 орындықтан қою жоспарланған екен.

"Ер актерлерге әйелдерге қарағанда көбірек төлейді": Отандық кино жұлдыздарының гонорары қанша
