29 жастағы бойжеткен: Жағдайымды жасап барып тұрмысқа шығамын
29 жастағы Арай Әлімбекова әлі күнге дейін тұрмысқа шықпай жүр. Бойжеткеннің айтуынша, ол алдымен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттеп алғысы келеді екен.
Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.
«Қазіргі жастар еш дайындықсыз, ерте үйленіп алады. Мысалы, менің жанымдағы кейіпкер қазір 18 жаста. Екінші баласының дүниеге келуін күтіп жүр. Жүктілік кезінде әйеліне көмектеспей, баласын әке-шешесінің қолына берген. Өзін, отбасын, әке-шешесін қатар асырауға мәжбүр болып отыр. 29 жасыма дейін маған жігіт қарамады деп айта алмаймын. Кәрі қыз болып қалып қаламын деп қорықпаймын. Алдымен, әке-шешеме алғыс айтып, бала-шағама қалдыратын дүние әзірлегім келеді. Ер-азаматтардың барлығына сенбеймін деп айта алмаймын. Олардың арасында жақсысы да, жаманы да бар. Бірақ мен тек өзіме сенгенді жақсы көремін. Күйеуге міндетті түрде шығу керек. Әйтпесе, мен осының барлығын не үшін жасап жатырмын?» – дейді Арай ханым.
Ал әнші Мұрат Қожа бар болғаны оның маңдайына жазылған сүйіктісін кездестірмегенін меңзеді. Осы орайда, өмірде болған бір оқиға туралы айтып берді. «Бұл кісінің бойында өзіне деген сенімділік жоқ. «Мен күйеуге шықпай тұрып, жағдайымды жасап алайын» деп айтуының өзі сенімсіздігін білдіріп отыр. Адам өз жағдайын күйеуге шықса да, шықпаса да жасай береді. Менің құрдас дос қызым бар. Бір жыл бұрын тұрмысқа шықты. Осы уақытқа дейін өзінің маңдайына жазылған адамын таппағанын айтып келді. Күйеуге шыққаннан кейін де өзінің сүйікті ісімен айналысып жатыр. 37 жасқа дейін өзінің адамын таба алмай жүрді. Бәлкім қарындасымыз дәл осылай өзіне лайық адамды таппай жүрген шығар?» – дейді ол.
Ал психолог Марал Сарбасқызы өз кезегінде кейіпкердің бірнәрседен сақтанатынын айтып өтті. Бәлкім өзі шыққан отбасында келеңсіз оқиғалар болған шығар деп болжады.
«Сізде психологиялық қорғаныстың бір түрі бар. Негізгі мәселе ер-азаматтарда немесе сіздің жағдайыңызды жасағыңыз келетіндігінде емес. Мәселе сенімде болып тұр. Осыған назар аударыңыз. Адам сіздікіндей бетпердені саналы және бейсаналы түрде де кие береді. 29 жасқа келгеннің өзінде сіз тағы да жағдайыңызды жасап алғыңыз келетінін айтып отырсыз. Сонда сізге жалпы қанша уақыт қажет? Өз адамым деген түсінік жоқ. Өзіңді білмей тұрып, өзге адамды қалай танымақсыз?! Адам өмірінің табиғи сценарийлері бар. Сіздің жағдайыңызда жігіттің орнын бизнеспен толтырып отырсыз. Сізде «мүмкін», «болса» сынды сөздер көп. Бірақ нақты образ жоқ. Сіздікі жай ғана болжам болып отыр. Ал оның 2 жыл ішінде көңіл-күйінің өзгеріп кетпейтініне, сізді күтетініне сенімдісіз бе?» – дейді Марал Сарбасқызы.
Маманның пікірімен 29 жастағы бойжеткен келіспеді. Тіпті, өзінің енді 2 жыл күтуге уәде берген сүйіктісінің бар екенін айтып өтті.
«Мен осы тұста байлыққа қызығып тұрғаным жоқ. Қазір мен өзім жеке өнер-білім мектебін ашып жатырмын. Ұрпаққа бірнәрсе қалдыруым керек. 18-25, 27 жасымда сөз айтқандар болды. Көп жағдайда өзімді тоқтатуға тырысамын. Бірінші кезекте өзімнің қалаған ісімді істегім келеді. Маған күйеуім тыйым салады деп қорықпаймын. Бар болғаны өзімді тәуелсіз сезінемін. Мен қарапайым отбасынан шықтым. Әжем мен атамның тәрбиесін көріп өстім. Құдай қаласа, екі жылдан кейін міндетті түрде тұрмысқа шығамын.
Біз өз сөзімізге жауап бере алатын жастамыз. Сол себепті мені күтеді деп ойлаймын. Ақымақтық жасауға менің құқығым да жоқ. Қазір мен өзімді толық қамтамасыз ете алатын жастамын. Маған 2 жыл уақыт керек. Осыдан кейін тұрмысқа шығуға дайынмын. Сіздер менен сүйікті адамым туралы сұрамадыңыздар. Ол адам менде бар. Екеуіміздің жоспарымызға сәйкес, тойды кейінге қалдырып отырмыз», – дейді бойжеткен.
Ал сіз қанша жаста тұрмысқа шыққан дұрыс деп ойлайсыз? Қыздардың жағдайларын жасап алған соң барып тұрмысқа шыққандары дұрыс па?
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Астаналық тоқал: Қызымды екінші әйел етуге дайынмын
Бақытты азаматтар әйелін ұратын жігіттерге кеңес берді
Жандарбек Бұлғақов: Еркектер серіктес болып босануды көтере алмайды