Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

29 миллион теңгеге дейін: Қазақстан Ресейден келетін көліктерге утиль алымды қанша есе өсірмек

утиль алымФото: pexels.com

Қазақстан Ресейден келетін көліктерге утильалымды ондаған есе өсірмек. Егер жаңа ереже күшіне енсе, 1-2 литрлік қарапайым көліктің өзі бұрынғы 700-800 мыңның орнына 29 миллион теңгеге дейін “қымбаттап” кетуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжатты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген. Қазақстанда Ресей мен Беларусьтен әкелінетін көлік пен техникаға утильалымның (утильсбор) мөлшерлемесін күрт арттыру ұсынылды.

Экология және Өнеркәсіп министрліктері дайындаған бұйрық жобасына сәйкес, осы екі елден импортталатын техникаға арнайы "2-коэффициент" енгізіледі. Ол төлем сомасын ондаған есе көбейтеді. Үкімет автокөлік импортын екі санатқа бөлуді жоспарлап отыр.

Қазақстанда шығарылған немесе басқа мемлекеттерден (оның ішінде Армения мен Қырғызстаннан) әкелінетін көліктер үшін талаптар өзгермейді.

Ал Ресей мен Беларусьтен келетін техникаға арнайы "коэффициент 2" қолданылып, утильалым бірнеше есе өседі. Айта кетейік, утиль алым көлемі әрқашан мына формуламен есептеледі:

  • базалық мөлшерлеме (50 АЕК) × коэффициент.
  • 2026 жылы базалық мөлшерлеме 216 250 теңге болады.

Төлемдер қалай өседі?

Ресей мен Беларусьтен көлік әкелетін жеке тұлғалар мен компаниялар үшін коэффициенттер бекітілген. 1-2 литрлік қозғалтқыш (ең көп таралған) коэффициент 3,5-тен 136-ға дейін өседі. Ал төлем 38,8 есе көбейеді, сөйтіп қазір шамамен 757 мың теңге болса, жаңа ереже бойынша 29,4 млн теңге шамасында болады.

2-3 литрліктерге коэффициент 5-тен 164-ке өсіп, төлем 32,8 есе артады.

Ал 3 литрден жоғарыларға коэффициент 11,5-тен 246-ға өсіп, төлем 21,4 есе артады.

Сонымен қатар 1 литрге дейін коэффициент 1,5-тен 22-ге өседі, ал төлем 14,6 есе көбейеді. Электромобильдер үшін қазір коэффициент – 0, яғни утиль алым төленбейді). Енді жаңа жағдайда 60 болады, осылайша электромобильге утильалым шамамен 13 миллион теңгеге жуық болады.

Жүк көліктері мен автобустар

20 және 50 тонналық жүк көліктеріне коэффициент 20,5-тен 164-ке өседі, төлем 8 есе артады. Қозғалтқышы 10 литрден жоғары автобустарға коэффициент 13,5-тен 246-ға өсіп, төлем 18,2 есе көбейеді.

Ауыл шаруашылығы техникасында ең қатты өсім болады. Импортталған дайын техниканы жергілікті зауыттарды айналып өтіп әкелуді шектеу үшін ең ірі өсім осы салада қарастырылған:

Тракторлар (60 ат күшіне дейін):

  • коэффициент 2-ден 250-ге өседі;
  • төлем 125 есе артады.

Комбайндар:

  • коэффициент 9-дан (ең төменгісі) 250-ге өседі;
  • төлем шамамен 28 есе көбейеді.

Неге бұлай істемек?

Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Әділбек Бектібаевтың айтуынша, бұл ЕАЭО-дағы көрші елдердің жүргізіп отырған саясатына жауап шара. Үкімет бұл механизмді "теңсіздікті жою" және ішкі нарықты қорғау шарасы деп атап отыр. Ол Қазақстанның утильалым мен импорт саясатын мемлекет, бизнес және тұтынушылар мүддесінің тепе-теңдігіне сүйене отырып жүргізетінін, әрі отандық өндіріс пен ЕАЭО және үшінші елдерден келетін импорт үшін тұрақты әрі түсінікті ережелерді сақтауға тырысатынын айтты.

Жоба авторларының түсіндіруінше, Қазақстаннан Ресей мен Беларуське көлік экспорттағанда, қазақстандық өндірушілерден толық көлемде салықтар мен баждар өндіріліп отыр. Мысалы, Ресейде утильалымның базалық мөлшерлемесіне қосымша:

  • Қосымша құн салығының айырмасы (қазір 8%, 2026 жылдан 4%);
  • акциздер;
  • кедендік баждар қосылады.

Ал ЕАЭО заңнамасына сәйкес, қазақстандық құрастырылған көліктер ортақ тауар ретінде танылуы керек, яғни қосымша төлемдер салынбауға тиіс.



Еске салайық, бұған дейін 2026 жылдан бастап Қазақстанда утиль алым автоматты түрде қымбаттайтынын жазған едік. АЕК 4 325 теңгеге өсіп, базалық мөлшерлеме 216,3 мың теңгеге жетті. Соның салдарынан қозғалтқыш көлеміне қарай жеңіл көліктерге төлем 324 мыңнан 2,49 миллион теңгеге дейін көтерілді. 

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 13:11