Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

27 жыл бойы қаңырап тұрған: Талдықорғандық студенттерге көрікті ғимарат пайдалануға берілді

 

Талдықорғанда 27 жыл бойы құрылысы бітпей тұрған ғимарат ақыры пайдаға жарады. 30 жылға жуық уақыт бұрын бұл нысан қонақ үй ретінде бой көтеріп, бірақ құрылысы аяқталмай қалған. Содан бері бос тұрған ғимарат қаланың көркін де қашырып тұрған еді. Тіпті жастар 13 қабатты ғимараттың үстіне селфиге түсеміз деп шығып, адам да қайтыс болды. Енді осы үйдің құрылысы аяқталып, жатақханаға айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

13 қабатты ғимарат қоршаулары құлап, іші қоқысқа толы күйде тұрған. Ал биыл құрылысы бітпей тұрған ғимарат ақыры салынып, қарасаң көз тоймайтын зәулім нысанға айналды. Ол 288 орындық жатақхана болды. Енді мұнда Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің студенттері тұрады. 

Алғаш қоныстанғандардың бірі "Айналайын" балалар үйінің тәрбиеленушісі  - Аяулым.

"Мен оқуды бітіретін кезде маған апайлары "сен осы жаңа студенттер үйіне барасың" деген кезде сенбедім. Өзім осында келгеннен кейін қатты қуандым", - дейді Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ студенті Аяулым Тойшыбекова.

"Өзіміздің студент кезімізде бір темір төсекке екі қыздан жатып жүрдік. Соны, қазір қалай сиғанбыз деп ойлаймын. Сондықтан біздің балаларымызға неге жақсы оқымасқа", - деді Талдықорған қаласының тұрғыны Дина Нұрғалиева.

Студенттердің демалатын орны кең әрі биік, тіпті жиһаздарға дейін қойылған. Жетісу студенттеріне берілген бұл жатақхана қонақ үйге ұқсайды, жанға жайлының бәрі бар. Мұнда шағын кинотеатр да бар, студенттердің кино көруіне болады.

"90 пайыз студенттерді жатақханамен қамтыдық. Бұл елбасының бес әлеуметтік бастамасының үшінші бағытының орындалуы болып жатыр",- деді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.

30 жылға жуық қаңырап тұрған нысанды пайдаға жарату үшін алматы облысының бюджетінен 2,3 млрд теңге бөлінген. Өңірде тағы 3 жатақхана салынып жатыр. 

STAN.KZ
Жұма, 04 Қыркүйек, 2020 10:27
Талқылау