Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан кәсіпкерлері өндірісті дамытқысы келмейді: Өнеркәсіптік кәсіпорындардан екі есе көп сауда нысандары салынып жатыр

Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындардан екі есе көп сауда нысандары салынып жатыр. 2024 жылы 2 мыңнан астам тұрғын емес үй-жай іске қосылса, оның аз ғана бөлігі өнеркәсіп кәсіпорындары. Экономистер бұл үрдістің экономикаға қалай қауіп төндіретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда өнеркәсіп саласы саудамен салыстырғанда баяу дамып келеді. Жыл басынан бері елімізде 2 мыңнан астам тұрғын емес үй-жай пайдалануға берілді. Оның 7 пайызы ғана – өнеркәсіп кәсіпорындары. Ең үлкен үлесті сауда үйлері, базарлар мен ірі сауда орталықтары алады. Экономистер 4 жыл бұрын өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі үштен бір болса, бүгінде 27 пайызға дейін төмендегенін айтады. Бұл ретте өнеркәсіп негізінен тау-кен өнеркәсібінің есебінен өсіп жатыр дейді. 



"Өнеркәсіпті дамытпай, шикізатты өндіру экономикалық тұрғыдан тиімдірек. Өңдеу өнеркәсібі бізде жоқтың қасы. Өйткені Кеңес Одағы кезінде біздің басты назарымыз ауыл шаруашылығына, шикізатқа бағытталғандықтан, өндіруші өнеркәсіп жақсы дамыды. Осы 30 жылда бізде өндіруші өнеркәсіптер көптеп салынды", – деді экономист Жәнібек Айғазин. 

Рудалар мен түсті металдарды өндіру экономикаға көп қаржы әкеледі. Ал жеңіл өнеркәсіп аз ғана үлесті алады. Себебі Қазақстан ірі елдердің шеңберінде орналасқан. Онда тауарлардың басым бөлігі бізге қарағанда арзанырақ. Тіпті логистиканы ескерсек, олардың жергілікті нарықтағы бағасы отандық өнімнен төмен.

"Ірі қалалар – Алматы мен Шымкент негізінен саудамен айналысады. Мен концентрация индексі тек сауданы қамтиды деп айтпаймын, бұл әртараптандырылған құрылым. Бірақ негізгі драйвер сауда саналады. Екінші жағынан, бұл саудада отандық өнімнің үлесі қандай", – деді экономист Жәнібек Айғазин.

Мамандар өнеркәсіпке инвестиция салу қымбатқа түсетінін айтады. Ұзақ уақыттан кейін ғана өзін-өзі ақтайтын өндіріс орнын іске қосқаннан сауда орталығын салу арзанырақ.

"Бөлшек сауда объектілерін жалға беру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Олар әртүрлі көлемде болуы мүмкін. Өнеркәсіптік нысандар көп капиталды қажет етеді. Ондай жағдайда тек кеңістік емес, жабдық қажет. Себебі негізгі шығындар жабдық пен технологиядан келеді", – деді TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов. 

Дегенмен қарқынның баяулауына қарамастан, өнеркәсіпке айтарлықтай инвестиция құйылып жатыр. Өйткені экономиканың осы секторы шешуші рөл атқарады.

Айта кетейік, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баспана алуға қиналып жүрген қазақстандықтарға не істеу керегін айтқан еді. 

Талқылау