Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Америкада бизнес ашу әлдеқайда жеңілірек": 26 жастағы қазақстандық жігіт АҚШ-та өз кәсібін қалай дөңгелетіп отыр

Бірнеше жылдан бері Америкада тұратын қазақ Айдын Есенгелді Қытайдан АҚШ-қа тауар экспорттаумен айналысады. Оның сөзінше, осы саладағы сауда-саттық арқылы 200 миллион теңгеден аса табыс табуға болады. Stan.kz тілшісі отандасымызбен тілдесіп, америкалық арманын қалай орындағанын сұрады.

Айдын Есенгелдінің компаниясы бүгінде америкалықтарға Қытайдан өндірісті ұйымдастыру және жеткізуді басқару, сауда-логистикалық қызметтердің кең спектрін ұсынуда. Атап айтқанда, Қытайдан өндірушілерді, тауарларды іздеу, тауарларды сатып алу, тапсырыс берушілердің жеке бренді бойынша тауарларды жасау сияқты қызмет түрлерін ұсынады. Сондай-ақ Қытайда бизнес бойынша гид болу, тауарларды, зауыттарды тексеру сынды жауапты жұмыстарды мінсіз атқаруға көмек қолын созып жүрген жайы бар.

Ол өзінің кәсіпкерлік жолы туралы айтып, тәжірибесімен бөлісті.

Алғашқы кәсібімді 16 жасымнан бастадым

"Қарап отырсам, балалық шақтағы армандарым орындалыпты. Сондықтан, ата-аналар балаларына армандауды бала кезінен үйретуі керек деп ойлаймын. Мәселен, мен Америкада тұруды армандайтынмын. Бүгінгі өмірім, бүгінгі жетістігім, бәрі – сол баяғы бала қиялымның жемісі десе болғандай”, – дейді 26 жастағы кәсіпкер.

Айдын Есенгелдінің айтуынша, оның іскер азамат болып қалыптасуына отбасында ұлдың үлкені болуы қатты әсер еткен. Өйткені анасы оған: "алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді" деген қазақтың нақылын жиі айтатын көрінеді. Сондықтан болса керек, кішкентайынан зор жауапкершілікті сезініп өсіпті.

"Ең алғашқы кәсібім өзім тұратын ауладан басталды. 10-сынып оқып жүрген кезімде 80 мың теңгеге тәтті мақта сатып алып, оны інім екеуміз саттық. Інімнің жасы 11-де болатын. Әжептеуір табыс таптық. Ал келесі жазда тәтті мақтаны, балмұздақты жасайтын аппараттар сатып алдық. Тек жазда жұмыс істедік. Анам білдей бір мекеменің басшысы болса да, сол кездегі жалақысы 200 мың теңге болатын. Ал мен бір айда тек қана тәтті мақтаның өзінен 400-500 мыңға жуық табыс таптым. Қолыма ақша түскеннен кейін өндіруші боламын деп шешім қабылдадым дейді Айдын”, – дейді ол.

Қоқыстан ақша жасаған сәттерім бар

"Ебін тапқан екі асайды" демекші, Айдын Есенгелді – тапқырлығының арқасында әу бастан-ақ кәсібін дөңгелете білген жігіт. Осындай сәттерінің бірін былайша еске алды ол: 

"Есік алдындағы аулада інім екеуміз тәтті мақта сатып жүрген кезіміз еді. Күн сайын мақтаны әзірлейтін құралды тазалап кететінбіз. Бір жолы інім анамның үйге жаңадан сатып алған теледидардың  пенопластымен әлгі құрылғымызды зырылдатып сүрте бастады. Тазалау жұмыстары әлдеқайда тез әрі сапалы орындалды. Сол мезетте неге мұны сатпасқа деген ой келді. Содан әлгі пенопластты қиып, орап, сатуға шығардық. Келушілерге қалай тазалау керектігін де көрсетіп бердік. Сонымен тазалағыш құралымыз әп сәтте-ақ сатылып кетті. Осылайша, қоқыстан да ақша жасаған кездеріміз болды", – дейді жас кәсіпкер.

Осылайша, іскер азамат көп ұзамай Қытаймен сауда жасауды да бастап кетеді. Дегенмен тәжірибенің аздығынан сәтсіздіктер де болыпты.

"Кәсіпкер болу – тәуекелден тұрады. Сондықтан бір рет жолым болмады екен деп дүниеден баз кешіп кетуге болмайды. Қайта тұрып, одан әрі қарекет еткенде ғана кез келген істің жемісін көресің", –  дейді отандасымыз.

Тіпті 2017 жылы анасы 1 млн теңге кредит алып, Айдынның Америкада “Work and Travel” бағдарламасымен білім алуына мүмкіндік сыйлаған.

"Америкаға жол тартар алдында ағылшыншам өте нашар еді. Түк түсінбейтінмін. Виза бере ме, жоқ па, ол жағы тағы белгісіз болды. Сонда да тек алға қойған мақсатымнан айнымадым. Ақыры көздегеніме жетуге тырыстым. АҚШ-қа жеткен кезде жұмыс талғамадым. Наубайханашы да болдым, тазалау жұмыстарын да жасадым. Әйтеуір мол қаржы таптым. Үш айдың ішінде 15 мың доллар көлемінде табыс тауып, елге қайта оралдым", – дейді Айдын Есенгелді.

Америкада кәсіп ашу әлдеқайда жеңілірек

 "2021 жылдың аяғында Америкада тұратындықтан мұнда жүріп көп нәрсеге қанықтым десем болады. АҚШ-та кәсіп ашып оны жүргізу әлдеқайда жеңілірек. Себебі мұнда кәсіпкерлердің қолын қағазбастылық сынды кедергілер байламайды. Ең бастысы – тәуекелге бел буып, іске білек сыбана кірісу қажет. Тіл білу, қаржылық тұрғыдан сауатты болу да аса маңызды рөл атқарады. Америка нарығы әлем бойынша көшті бастап тұрғандықтан, мұнда саудамен айналысу өте тиімді. Ең бастысы – сататын тауарыңыздың сапасы жоғары болса жеткілікті. Бағасы да маңызды емес. Себебі халық тұтынатын қажетті өнімнің ешбірі де назардан тыс қалмайды. Өйткені америкалықтардың әл-ауқаты жоғары. Ондағы орташа жалақының мөлшері шамамен  4 000-5 000 доллар (1,5-2 миллион теңгеден аса) шамасында", – дейді отандасымыз.

Осы орайда кәсіпкер Америкада жүріп Қытаймен сауда жасау арқылы кәсіпкерлер 500 000 (200 миллион теңгеден аса) доллар көлемінде табыс табуға болатындығын тілге тиек етті.

 

 

Гүлмира Садық

Талқылау