Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26 сәуірде "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы жолға шығады

26 сәуірде Алматы-2 станциясынан "Саламатты Қазақстан" пойызы жолға шығып, 6 желтоқсанға дейін қатынайтын болады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: "Қазақстан темір жолы" АҚ

"Қазақстан темір жолы" АҚ хабарлауынша, денсаулық пойыздары ең шалғайдағы станциялардың тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. 

“Өткен жылдың қорытындысы бойынша 150 жуық станцияның 80 649 тұрғыны емдеу-консультациялық қызмет алды. Оның ішінде 21 867 бала бар. Бұл ретте 5 097 адамға шағын ота жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. Сонымен қатар медициналық пойыз мамандары 59 балаға циркумцизио (сүндеттеу) жасады. Медициналық пойыздарда дәрігерлік қабылдау саны 389 388 жетті. Республика бойынша маршруттың жалпы ұзындығы 22 009 киллометрді құрады”, –  делінген "Қазақстан темір жолы" компаниясының хабарламасында. 

Биыл шалғайдағы станция тұрғындары қайтадан білікті мамандардан: терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқалардан тегін тексеруден және емдеуден өтуге мүмкіндік алады. 

“Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталады. Медициналық пойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалды”, –  делінген хабарламада. 

Талқылау