"25 мың көрермен жиналады": Ұйымдастырушылар Дженнифер Лопестің концертіне ертерек келуді ескертті
Фото: Ашық дереккөзден алынды
"Астана Арена" стадионында өтетін Дженнифер Лопестің концертіне 25 мың көрермен келеді деп жоспарланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1 тамыз Астанада әлем жұлдызы гастролдік сапармен келеді. Осыған орай ұйымдастырушылар мәлімдеме жасады.
Концерт ұйымдастырушысы Мәлік Хасенов Instagram желісінде Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне көрерменнен ертерек келуді сұрады.
"Бұл біздің осындай деңгейдегі алғашқы концертіміз екенін ескерсек, стадионға қай уақытта келу керек екені өзекті сұрақ. Егер 25 000 адам сағат 19:00-ге бір уақытта келсе, "Астана Аренаның" кіреберісі барлық көрерменнің жылдам өтуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан есік сағат 16:30-да ашылады. Әр көрерменнің кіру процесі уақыт алады, оны көрермендер санына көбейтсек – кемінде 3 сағат кетеді. Сондықтан ертерек келуді өтінемін", – деп жазды Мәлік Хасенов.
Еске салайық, бұған дейін Дженнифер Лопес ән шырқайтын сахнаның дәл алдында орналасқан VIP-аймақтағы орындар 180 мың теңгеге сатылғанын жаздық. Сахнаға жақын орындарға билет арзанырақ – 160 мың теңге. 120 мың теңгеге Fan zone мен сахнаның екі жағындағы орындар болды. Dance floor секторына билет 90 мың теңге тұрады. Сахнадан алыс орналасқан секторлардағы орындар құны 40 мың мен 80 мың теңге аралығында сатылды.