241 жолаушы қаза тапқан ұшақ апатына жанармай қосқыштары себеп болуы мүмкін – БАҚ
Фото: Reuters
Air India ұшағының апатқа ұшырауына жанармай қосқыштары себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, тергеу ұшақтың жанармай қосқыштарының қозғалысына бағытталған. Дегенмен тергеушілердің жанармай қосқыштарына қатысты нақты нені тексеріп жатқаны белгісіз.
“Жанармай қосқыштарын тексеруге Boeing 787 ұшағының қара жәшігіндегі жазбаны талдау себеп болған. Дереккөздің хабарлауынша, тергеу барысында ешқандай елеулі техникалық ақау белгілері анықталмаған. Сондықтан Boeing 787 ұшақтарын пайдалану тәртібін өзгертуге қатысты авиакомпанияларға ешқандай нұсқаулық не бюллетень жіберілмеген”, –делінген басылым хабарламасында.
The Air Current басылымының мәліметінше, қара жәшіктерден алынған деректер апатқа дейін болған қате, байқаусыз немесе қасақана жасалған әрекеттерді не растауға, не жоққа шығаруға мүмкіндік бермейді.
АҚШ-тың авиациялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Джон Кокстың сөзінше, ұшқыштың қозғалтқышқа отын өткізетін қосқыштарды кездейсоқ басып қалуы мүмкін емес.
“Егер қосқыш өшірілсе, оның әсері бірден байқалады. Отын беру сол сәтте тоқтайды”, – дейді Кокс.
Reuters агенттігінің мәліметінше, тергеу қорытындысы жұма күні жариялануы мүмкін. Алайда жоспар өзгеруі ықтимал. Құжатта қаншалықты толық ақпарат берілетіні әзірге белгісіз.
Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны туралы жазған едік. Ұшақ апатынан 241 адам көз жұмып, тек бір жолаушы тірі қалды.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
