Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

+23°: Алматыда бұрын-соңды қыста болмаған ауа температурасы тіркелді

Фото: krisha.kz

Алматыда 19 ақпанда ауа температурасы +22,8 градусқа дейін көтеріліп, ақпан айына тән емес жаңа абсолюттік рекорд тіркелді. Синоптиктердің айтуынша, мұндай жылымық ұзаққа созылмай, алдағы күндері ауа райы қайта салқындайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қазгидромет" мәліметінше, Алматыда бұған дейін ақпандағы ең жылы күн 2021 жылы тіркеліп, ол кезде ауа температурасы +16,3° болған.

"Алматы метеостанциясында +22,8° көрсеткіші тіркелді, ол жаңа температуралық рекорд. Абсолюттік максимум жаңартылды", – деді синоптиктер.

Алайда синоптиктердің айтуынша, жылы ауа райы ұзаққа созылмайды. 20 ақпаннан бастап ауа температурасы қайта төмендей бастайды:

  • жұма күні күндіз +12…+14°, түнде +4…+6°;
  • сенбіде күндіз +7…+9°, түнде +3…+5°;
  • жексенбіде түнде 0…–2°, күндіз +8…+10° болады.


Еске салайық, бұған дейін синоптиктер наурызда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтқан еді. Мамандардың айтуынша, наурыз айында елдің көп өңірінде ауа райы әдеттегіден сәл жылырақ болады. Орташа айлық температура қалыпты деңгейден шамамен 1°С-қа жоғары болады деген болжам айтылады. Ал Жетісу өңірінің басым бөлігінде, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында күн райы көп өзгермей, нормаға сай сақталады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 17:08