Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

230 кәсіпкердің құқы қорғалды: Жамбыл облысында балабақшаларға бөлінетін қаржы былтырдан бері өзгермеген

Жамбыл облысында прокурорлар 230 кәсіпкер мен олардың 2 мыңнан астам қызметкерінің құқын қорғады. Олар мемлекеттен берілетін тиісті қаржыны алмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

балабақша

Дерекке сүйенсек, өңірдегі кәсіпкерлер 26 мың бала тәрбиелейтін балабақшаларына мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырудың төмен екенін айтып, шағым қалдырған. Тіпті соның салдарынан қызметкерлерге еңбекақы төлеуде, нысандарды жалдауда қиындықтарға тап болғанын түсіндіріпті. 

“Талдау барысында кәсіпкерлердің уәждері өз дәлелін тапты. Биылғы жылы айлық есептік көрсеткіштердің және басқа да елеулі коэффициенттердің өскеніне қарамастан, 2022 жылмен салыстырғанда әр балаға бөлінетін қаржыландыру көлемі облыста өзгермегені анықталды. Тиісінше, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардағы еңбекақы төлеу қоры ұлғайтылмаған, нәтижесінде 2 123 қызметкердің құқықтары бұзылған”, - делінген ақпаратта. 

Осыған орай прокурорлық қадағалау актісі негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру көлемі 1,5 миллиард теңгеге ұлғайтылған. Қалалық балабақшалардағы әрбір балаға қаржыландыру көлемі 4,4 мың теңгеге өсіп, 46 мың теңгені құраса, ауылдық балабақшаларда - 5 мың теңгеге көтеріліп, тиісінше 50 мың теңге болды.

Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге 500 миллион теңгеге жуық қаражат төленді. Қалған соманы жыл ішінде төлеу жоспарлануда.

Талқылау