Айналымы 224 миллион доллар: Қазақстанда алаяқтық пен есірткі сатудан түскен табысты заңдастыратын сервис анықталды
Фото: istockphoto.com
Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырып, 224 млн доллар табыс тапқан криптоайырбастау сервисін бұғаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блокчейн арқылы криптотранзакцияларды бақылау барысында интернет-алаяқтық пен есірткі саудасынан түскен кірістерді жылыстатуға кәсіби қызмет көрсеткен "RAKS exchange" атты криптоайырбастау сервисі анықталды.
“Аталған сервис қылмыстық ортада жоғары беделге ие болған және 5 млн астам қолданушысы бар 20 ірі "Darknet" нарығымен жұмыс істеген. Соңғы үш жыл ішінде бұл криптосервис арқылы ТМД елдеріндегі — Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова — 200-ден астам есірткі дүкенінің заңсыз кірістері ақталған. Криптоайырбастау платформасының жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан”, – делінген ақпаратта.
Тергеу барысында 4 000-нан астам криптовалюта әмияндары зерттеліп, қылмыстық кірістер сақталған әмияндар анықталды. Нәтижесінде сервиске тиесілі 67 криптоәмиян бұғатталды. Жалпы сомасы 9,7 млн USDT (5,2 млрд теңге) болатын цифрлық активтер уақытша тоқтатылды.
Бүгінгі күні сервис толықтай өз қызметін тоқтатты: әлеуметтік желідегі аккаунттары жойылды; клиенттерге қызмет көрсетуі тоқтатылды; Darknet-тегі мамандандырылған форумдарда есірткі дүкендері тарапынан қаржылық міндеттемелердің орындалмауына қатысты жаппай шағымдар тіркелуде.
Криптосервис ұйымдастырушыларын анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралар есірткі бизнесінің көлеңкелі инфрақұрылымына елеулі экономикалық соққы беріп, жеткізу тізбектерінің логистикасын бұзып, есірткі нарықтарының айналымын азайтып, тұтынушылардың заңсыз платформаларға деген сенімін төмендетті.
Цифрлық құралдарды пайдалану арқылы қылмыстық кірістерді жылыстату схемаларын тоқтату жұмыстары жалғасуда.

"Тамада министр": Қызметінен босатылған оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев несімен есте қалды
