22 жастағы келіншек YouTube-тегі видеоға қарап өзін-өзі босандырған
22 жастағы америкалық Тиа Фримен YouTube-тегі видеоға қарап отырып өзін-өзі босандырған. Ол өзінің аяғы ауыр екенін тек жүктіліктің 3-інші кезеңінде білген. Сондықтан ол Германияға жоспарлап қойған сапарын кейінге қалдырмай, жолға шығуды ұйғарыпты. Алайда оған Түркия арқылы ұшуға тура келген, деп хабарлайды Stan.kz.
Сурет: Tia Freeman/Twitter
Келіншек ұшаққа отырғаннан кейін әуе компаниясы ұсынған тағаммен ауқаттанып алған. Тағамның құрамында арқан балық болыпты. Тиа вегетариандық емдәм ұстанатындықтан, әдетте балықты жемейді. Сондықтан толғағы қысып, іші ауыра бастағанда, балық үшін деп ойлапты.
Ұшақ Ыстамбұлға қонғанда, өзін нашар сезініп тұрған келіншек қонақ үйге жылдам жетуге асыққан. Ол шекарада кезекте тұрған кезде толғағы басталғанын түсінеді.
Тиа қонақ үйге келе салысымен Youtube-тен босанудың қалай өтетіні және қалай босандыру керектігі көрсетілген видеороликтерді іздей бастапты. Мұнан кейін ол суда босануды ұйғарған. Келіншек ваннаға су толтырып, орамалды дайындап, толғақты күткен. Оның сөзінше, бәрі жылдам өтіпті. Ол баласын босанғаннан кейін алдын ала ыстық суға қайнатып алған баумен сәбидің кіндігін қысып байлап, кескен.
Ал келесі күні Тиа баласын өз киімімен орап алып, Германияға ұшу үшін әуежайға жол тартқан. Сәбидің құжаты болмағандықтан, әуежай қызметкерлері келіншектің баланы ұрлап кеткенін ойлаған. Алайда Тиа оларға бәрін түсіндіріп бергеннен кейін, оған бірден көмек көрсетіліпті. Олар келіншекті АҚШ елшілігіне апарып, дәрігерлерге қаратып, ана мен баланың жағдайы жақсы екеніне көз жеткізеді. Turkish Airlines әуе компаниясы сәбиге киімдер алып беріп, келіншектің Түркияда болған күндерінің ақшасын төлеген.
Қазіргі уақытта анасы мен баласы АҚШ-қа оралған. Екеуінің де жағдайы жақсы. Бір қызығы, Тиа өзінің бастан кешкен оқиғасында таңғажайып ештеңе жоқ деп ойлайды.
Оқи отырыңыз:
23 жастағы ер адам ауру салдарынан сәби қалпында қалып қойған (фото)