Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2,2 миллиард теңге шығын келтірген: Мемлекеттік аудит есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күрестегі мәселелерді анықтады

Жоғары аудиторлық палатада Әлихан Смайыловтың төрағалығымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды. Аудит 2 миллиард теңгеден аса қаражат тиімсіз жоспарланғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Аудиторлық іс-шаралар 2019 жылғы қаңтардан бастап 2024 жылғы маусымға дейінгі кезең аралығына жүргізілді. Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында қаражатты ұтымсыз пайдалану фактілері анықталды. Мысалы, 2023-2024 жылдары бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бірі 2 миллиард теңге игерілмеген қаражатты бюджетке қайтарған.

"Жекелеген ұйымдарда арнайы техникалық құралдар мен тексеру жабдықтарын сатып алу шығынын жоспарлауда кемшіліктер бар: жоспарланған қаражат кей жағдайларда ілеспе құжаттар немесе коммерциялық ұсыныс бойынша нақты құнынан 4-5 есе асып түседі. Бұл қаражатты тиімсіз жоспарлауға себеп болып отыр. Нашақорлықтың алдын алудың бірыңғай моделін әзірлеу бойынша бастама әлі іске асырылған жоқ. Сонымен қатар есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік оңалту медициналық қызмет болып саналмайды және Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан реттеуге жатпайды. Нәтижесінде бұл бағытта стандарттар мен бекітілген әдістемелер жоқ", – делінген аудит мәлімдемесінде.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің дерегінше, бүгінде TikTok, Telegram, OLX, VK және басқа да танымал платформалармен ынтымақтастық бойынша шаралар қабылданды. 

"Бұл заңсыз контентті жедел жойып отыруға мүмкіндік береді. Мысалы, OLX платформасынан курьер кейпіндегі есірткіні жасырушыларды жалдау жөніндегі 4,3 мыңнан астам хабарлама жойылды. Қазір мұндай хабарламалар 5 минутта жойылады. Министрлік осы сайт арқылы есірткі курьерлерін арбау мүмкін емес екенін айтады. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы күрес үшін қажет техника мен жабдықтарды сатып алу, қызметтік-іздестіру жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр", – деді мемлекеттік аудит.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша барлығы 2,2 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды. Соның ішінде: 

  • қаржылық бұзушылықтар – 14,7 миллион теңге;
  • қаражатты тиімсіз жоспарлау – 2 миллиард теңгеден астам;
  • қаражатты тиімсіз пайдалану – 251,6 миллион теңге.
  • 9 жүйелік кемшілік анықталды.

Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 3 факт негізінде материалдар уәкілетті органдарға жіберілді.

Жоғары аудиторлық палата аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берді. Олар толық орындалғанға дейін бақыланады.



Еске салайық, бұған дейін индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс кодексін әзірлеу жобасына жүргізілген аудит нәтижелерін айтып берді. Министр кодексті дайындау кезінде қаржылық заңбұзушылықтар болғаны анықталған жоқ деп сендірді. Бұған мәжілісмен Бақытжан Базарбек құны 382 миллионнан асатын жаңа Құрылыс кодексіне шағымын білдірген еді. Алайда шенеуніктер басқа да бірқатар маңызды заң жобаларын бір теңгесіз дайындап үлгерген. Кейіннен өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс кодексін дайындауға бөлінген 382,5 млн теңге нақты қайда жұмсалғанын айта алмаған еді. 

Талқылау