21 жастағы бойжеткен қыздарды зорлау үшін өзін ұл деп таныстырған
Сот Лондон тұрғынын 13 пен 16 жастағы жасөспірім қыздарға жасалған жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырды. 21 жастағы Джемма Уоттс әлеуметтік желілерде жеткіншектермен танысу үшін өзін 16 жастағы Джейк Уатон деп таныстырған. Бұл туралы Stan.kz тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өзінің суреттерін пайдаланған, бірақ ұзын шашын бас киімнің астына тығып, кең шалбар киген. "Джейк" әлеуметтік желілерде скейтборд пен скутерде теуіп жүрген видеоларын жариялап, оған "лайк" қойған қыздармен әңгіме құрып, жағымды сөздер айтқан. Жазбаларында "Джейк" жасөспірімдерге тән тілде сөйлесіп, жартылай жалаңаш суреттерін жолдап, қыздарды кездесуге көндірген.
Сот барысында Джемма Уоттс жыныстық сипаттағы жеті қылмыстық эпизодқа қатысы бар екенін мойындады. Барлық зардап шегушілер өздерін ұл баламен қарым-қатынаста деп ойлаған екен. Көбісі үшін бұл алғашқы махаббаттары болған. Олар тек полициядан Джейктің Джемма екенін білген.
Скотленд Ярд құрбандардың саны 20-50 адамнан көп деп пайымдайды. Джемма Уоттстің жігіт кейпіне енгендігі соншалықты, ол тіпті кейбір жеткіншектердің ата-анасымен де танысқан. Полиция қызметкері Филиппа Кенрайттің айтуынша, екі құрбан өз-өздеріне қол салмақ болған.
Сот барысында 14 жастағы зардап шегушінің хаты оқылып, ол "жүрегінің қатты жараланғанын" айтқан.
"Менің әлемім тоқтап қалды, оны қатты жақсы көргендігім соншалықты, дем ала алмайтынмын", - дейді ол. Джейк образының шынайы болуы үшін іш киіміне тығыз нәрселер салып қойған көрінеді.